Қазақстан мен Қытай басшыларының келіссөздері қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды

None
None
ШАНХАЙ. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХР-дың Шанхай қаласына мемлекеттік сапары аясында 5 екіжақты құжаттарға қол қойылды.

Атап айтқанда, Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздерінің қорытындысы бойынша екі ел арасындағы Стратегиялық әріптестіктің барлық салаларын қамтитын және тараптардың келешектегі перспективалық бағыттарын айқындайтын бірлескен декларацияға қол қойылды.

Бұдан басқа, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен «CITIC» корпорациясы арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Бұл құжат мұнай-газ және тау-кен секторында өзара іс-қимылды дамытуды қарастырады. Сонымен қатар, Қытайдың ЭКСИМ банкімен «Петро Казахстан ойл продактс» ЖШС жобасын қаржыландыруға қатысты өзара түсіністік туралы меморандум жасалды. Аталмыш құжат Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту мен қайта құрылымдауға 1 млрд. доллар қаражат бөлуді көздейді. Бұдан бөлек, Қазақстан Даму Банкі мен ҚХР Мемлекеттік даму банкі арасында жалпы сомасы 500 млн. долларды құрайтын несие желісі туралы Бас келісімге қол қойылды.

Сонымен қатар, «ҚазМұнайГаз» ҰК» мен «CNPC» корпорациясы арасында Алматы облысында үлкен диаметрлі (300-1600 мм) мұнайгаз құбырын шығаратын зауыт құрылысын салу туралы негіздемелік келісім жасалды. Аталған жоба құны 150 млн. долларға бағаланып отыр.

Соңғы жаңалықтар