Қазақстан мен Қытай арасындағы су келісімдерінің 25 пайызы мақұлданды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық өзендер мәселесі бойынша жүргізіліп жатқан келіссөздердің нәтижесі туралы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде министрлік өкіліне трансшекаралық өзендердің мәселесі туралы бірнеше сауал қойылды. Сол сауалдарға жауап берген Серік Жұманиязов Қытайдың аталмыш мәселеде өзге ешбір елдермен келіссөз үстеліне отырмағанан еске салды.

«Қытай өз тарихында осы күнге дейін трансшекаралық су объектілері бар 18 елдің ешқайсысымен су бөлу жөнінде бірде-бір халықаралық шарт жасасқан жоқ. Ресей Федерациясы, Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Вьетнам, Бангалдеш, Непал, Солтүстік Корея, Камбоджа сияқты елдердің бір де біреуімен халықаралық келісімге отырмаған. 2013 жылғы қыркүйекте ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында Қазақстан мен Қытай басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтардың арқасында 2015 жылдан бастап трансшекаралық өзендер суын бөлу туралы келісім жобасын әзірлеу мен келісуді бастау туралы шешім қабылданған болатын», - деді вице-министр.

Осы келісім негізінде екі жақтың мамандарының басын қосқан Трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау жөніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен комиссиясы құрылған болатын. Ведомство өкілінің айтуынша, бүгінде осы бірлескен комиссияның 17 отырысы өтіпті.

«Трансшекаралық өзендер суын бөлу туралы келісім жобасын әзірлеу және келісу жұмыстары қазіргі пандемияға қарамастан жалғасып жатыр. Келісімді мақұлдау өте күрделі жұмыс екенін айтқым келеді. Ғылыми зерттеулер жүргізуді қажет етеді. Бұл жұмысқа География және су қауіпсіздігі институтының жоғары білікті мамандары тартылып отыр. Тартылған сарапшылардың ішінде Қазақ КСР-нің бұрынғы Су шаруашылығы министрі, Қазақстанның Су ресурстары жөніндегі мемлекеттік комитетінің алғашқы төрағасы Нариман Қыпшақбаев, 2002-2009 жылдары Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары болған Әмірхан Кеншинов, 40 жылдың еңбек өтілі бар су маманы Александр Калашников, география және су қауіпсіздігі институты директорының орынбасары Саят Әлімқұлов сияқты білікті мамандар бар. Осы сарапшылардың жоғары біліктілігі бізге айтарлықтай нәтижелерге жетуге мүмкіндік берді. Нақты айтсақ, Трансшекаралық өзендер суын бөлу туралы келісім жобасы мәтінінің 25 пайызы мақұлданды», - деді Серік Қожаниязов.


Соңғы жаңалықтар