Қазақстан мен Қытай арасында үшінші теміржол порты салынады - Шетелдегі қазақ БАҚ-қа шолу

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Иран мен Қазақстан арасындағы транзиттік тауар көлемі 4 есеге артады - Parstoday

Иранның Жол және қала құрылысы министрі Қазақстанмен екі ел арасында транзиттік тауар көлемін жылына 1 млн тоннадан 4 млн тоннаға жеткізу туралы меморандумға қол қойылғанын хабарлады.

Бұл туралы осы аптада Иранның Parstoday ақпарат агенттігінде жарияланды.

Аталған БАҚ-тың хабарлауынша, Иранның Жол және қала құрылысы министрі Рустам Қасеми дүйсенбі күні Теһранда Қазақстанның Сауда министрі әрі Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғаринмен ортақ отырыс өткеніне тоқталып өз пікірін білдірген.

Оның айтуынша, екі ел тасымал және транзит саласында әріптестікті арттыру туралы меморандумға қол қоюға келіскен. Онда үш маңызды мәселе – кеден істерін цифрландыру, тарифтерді бірыңғайлау және ирандық жүргізушілер мен саудагерлерге виза беру қарастырылатын болады.

Қасеми Иран мен Қазақстан арасындағы транзит көлемінің жылына 1 млн тоннаны құрайтынын тілге тиек еткен. Қол қойылған меморандум бойынша екі ел арасындағы транзит көлемін жылына 1 млн тоннадан 4 млн тоннаға жеткізу көзделіп отыр.

Ирандық БАҚ-тың мәліметінше, Қазақстанның Сауда министрі әрі Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғаринда Иранмен ортақ отырыста тасымал, транзит пен логистика саласында өзара техникалық әріптестікті жандандыру туралы келісілгенін растаған.

«Екі ел Иран, Түрікменстан мен Қазақстан арасындағы транзит мәселелерін шешу және кедергілерді жою үшін жол картасын дайындауға келісті», – дейді Серік Жұманғарин.

Қазақстан мен Қытай арасында үшінші теміржол порты салынады - «Халық газеті»

«Қытай мен Қазақстан арасындағы үшінші теміржол портын салады». Осы аптада Қазақстанның Қытайдағы елшісі осылай деді. Бұл туралы Қытайдың «Халық газеті» ақпараттық порталы хабарлады.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, 28 қазан күні Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінде баспасөз мәслихатын өткізіп, Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарын дамыту, Қазақстанда жақында өткізілген ірі халықаралық іс-шаралар мен басқа да тақырыптар туралы сөз сөйлеген.

Сол сөзінде Ш.Нұрышев биыл Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толғанын тілге тиек еткен.

Елшінің айтуынша, көп жылдан бері екі ел тату көршілік, өзара сенім және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытты. Қазір екі ел арасындағы қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған деңгейге – тұрақты және жан-жақты стратегиялық әріптестікке қол жеткізді. Бұл Қазақстан мен Қытай - қос тараптың дипломатиялық тарихындағы бірегей жағдай. Екі ел арасында үлгілі мемлекетаралық қатынастарды шынайы орнатты.

Сонымен қатар оның келтірген деректеріне сүйенсек, бүгінде Қытай Қазақстанның ірі сауда серіктесі ретінде соңғы 30 жылда екі ел арасындағы сауда көлемі 70 еседен астам өсіп, 2021 жылы 25,2 миллиард АҚШ долларына жеткен. Осы жылдың қаңтарынан қыркүйегіне дейін сауда көлемі 23,2 миллиард АҚШ долларына жетіп, 22,5% ұлғайған.

Тілшінің Қытай мен Қазақстан арасындағы порттар, теміржол сияқты инфрақұрылым логистикасы саласындағы ынтымақтастық туралы сұрағына жауап ретінде Ш.Нұрышев қазіргі уақытта екі ел Қытайдың Тарбағатай аймағы мен Қазақстанның Абай облысы арасындағы бұрынғы Бақты тасжол шекарасында үшінші теміржол портын салуды талқылауда екенін айтқан.

Емдік қасиетімен танымал Қожамайхана бұлағы - «ӨзА»

Өзбекстанның Сұрхандария облысының Байсун ауданындағы Қожамайхана бұлағы емдік қасиетімен танымал бұлақтың бірі.Табиғаты керемет жердің төсінен ағып жатқан бұл атақты бұлақ жылдың төрт мезгілінде де өте мөлдір әрі тұнық салқын боп тұрады. Одан дәм татқан кәрі-жастың қуаты молая түседі, деп жазады өзбекстандық «ӨзА»ақпараттық агенттігі.


Аталған басылымның дерегінше, бұлақтан секундына үш текше метр су шығады. Ғажайыпқа толы Қожамайхана бұлағының айналасы жаз маусымында әрқашан жергілікті зияратшылар мен саяхатшыларға толы болады екен.

Ұланбатырда өткен чемпионатта қазақ палуаны 2- орын алды – Kaznews

Ұланбатыр қаласының 383 жылдығына орай палуандар сайысы өтті. Аталмыш сайысқа мемлекеттік және аймақтық дәрежедегі атағы бар 256 палуан күресіп Ховд аймағының палуаны мемлекеттік чемпион Оргихын Хангай бірінші орын, Баян-Өлгий аймағының палуаны мемлекеттік піл Серік Бердімұратұлы екінші орын иеленді, деп жазады «Kaznews» ақпараттық агенттігі.

Моңғолиялық БАҚ-тың келтірген мәліметіне сүйенсек, мемлекеттік піл дәрежелі Серік Бердімұратұлы жартылай финалда мемлекеттік қаршыға Ц.Мөнхбаярды, қаршыға Б.Цэдэнсодномды жығып финалға өтті.


Ал, финалда О.Хангай Серік Бердімұратұлынан айласын асырған.

Айта кетейік, тарих парақтарына көз жүгіртсек Ұланбатыр қаласының орнауына орай ұйымдастырылатын палуандар сайысы сонау 1994 жылдан бастау алады. Алғашқы сайыста моңғолияның 11 дүркін чемпоны Б.Бат-Эрдэнэ ағалап, мемлекеттік чемпион О.Балжинням екінші орын иеленген екен.

Тамдыда Финляндия тәжірибесі кеңінен қолданылады – «Тамды шараугері»

Өзбекстандағы Қызылқұмның қасиеті дарыған киелі Тамды ауданында мықты ғалымдар, қоғам және мәдениет қайраткерлері, ұлы жасампаздар, өз ісінің білікті шеберлері шыққан.

2021-2022 оқу жылында аудан әкімдігі бекіткен бағдарламаларға сай республикалық және жергілікті бюджеттен білім беру саласына ең көп – 8 млрд. сумнан астам қаржы жұмсалады, деп хабарлайды Өзбекстанның «Тамды шаруагері» газеті.

Жергілікті билік пен бюджеттің қолдауы арқасында мектептердің сыртқы келбеті, материалдық-техникалық базасы жыл сайын жақсара түсуде.


Өзбекстандық басылымның мәліметінше, Науаи облыс әкімінің білім жөніндегі кеңесшісі Финляндиядан келген Коли Ева Ханне аудан әкімі Қ.Алдабергеновпен кездесіп, шетелдік тәжірибені ауданда қолдану мәселелерін уағдаласқан. Мұнан соң аудандағы білім беру ошақтары басшыларының қатысуымен семинар өтті. Онда Финляндияның білім беру жүйесінің негізгі аспектілері және оларды еліміздің жалпы беру мектептеріне енгізу жолдары туралы айтылды. Финляндия тәжірибесі ауданда кеңінен қолданылмақ.

Сондай-ақ «Тамды шаруагері» газетінде «Үздік үйірмелер балалар шығармашылығын шыңдайды» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды. Аталған басылымының дерегінше, аудандағы «Баркамол авлод» деп аталатын шығармашылық орталығы – халқымыздың ата-бабадан келе жатқан ізгі қасиеттерін жас жеткіншектер бойына сіңіретін орта. Рухани ұлттық қажеттілікке жараған білім мен қатар тәрбие беретін шығармашылық ордасы. Жеткіншектер мұнда уақытын тиімді өткізіп, пайдалы әрі өздері қалаған іспен айналысады екен.

Аудандағы балалар шығармашылық орталығында жалпы саны 7 үйірме жұмыс жасайды. Қазіргі таңда 280 бала үйірмелерге келеді. Жеткіншектер бұл орталықтан ән айтуды, би билеуді, музыкалық аспаптарда ойнауды да үйрене алады. Мүсін жасап, сурет салып, қолөнерді де меңгеруге болады.

7600 жылдық мөртаңба табылды- TRT

Түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахраманмараштың Түрікоғлу ауданындағы Домузтепе қорғанында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде 7600 жыл бұрынғы мүйізді екі жануардың басы бар мөртаңба табылды, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Мәдениет және Туризм министрлігінің ұйымдастыруымен Хажеттепе университетінің Әдебиет факультеті археология кафедрасының доценті доктор Халил Текин соңғы Неолитик дәуіріне жататын Домузтепе қорғанында биылғы қазба жұмыстарында құнды олжалар тапқандарын айтты.

Халил Текин шамамен 7 мың 600 жыл деп есептелетін мөртаңбаның іріқара малдарды қолға үйрету процесінен дерек бере алатынын тілге тиек еткен.

Моңғолияда 92 елдің азаматтары жұмыс істейді - Janadauir.com


Биылғы 3- мезгілдегі жағдаймен 92 шетелдің 7 мың азаматы Моңғолияға еңбек шартымен келіп, еңбек етіп табыс табу және жалақысыз ықтиярлы түрде жұмыс істеу мақсатымен келіп еңбек етуде, деп хабарлайды моңғолиялық janadauir.com порталы.

Аталған БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, биыл Моңғол елінде еңбек етіп жатқан шетел азаматтарының саны өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 1,3 мың немесе 13,3 пайыз адамға өскен. Шетелдіктердің басым бөлігін яғни 56,3 пайызын ҚХР –сының азаматтары иеленуде. Олар көбінде жол және құрылыс, тау кен саласында жұмыс істейді екен.

Өзбекстан мен Қазақстан шекарасындағы автожол өткізу пункті 1,5 жылға жабылады- «ӨзА»

Өзбекстан мен Қазақстан шекарасындағы «Зеңгіата-Қапланбек» автожолы өткізу пункті 19 айға жабылады.

Ташкент облысы әкімдігінің хабарлауынша, Ташкент облысы кеден басқармасының «Науаи» шекаралық кеден бекетімен шектесетін Қазақстанның «Қапланбек» автожолы өткізу пункті жаңартылады. Сонымен қатар, пунктті техникалық жағынан жабдықтау жоспарланған, деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Осы жағдайға байлансты 2022 жылдың 1 қарашасынан бастап бұл өткізу пункті уақытша жабылады.


Соңғы жаңалықтар