Қазақстан мен Қытай 35 жобаға қол қойды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Қытай әріптестігі тың жобалармен толықты. Екі ел кәсіпкерлері бірлескен жаңа 35 жобаны жүзеге асыруға байланысты келісім жасады.

 Бұл жайында «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында өткен бизнес-форумда белгілі болды, деп хабарлайды 24.kz.

 Қорғас - Қазақстан мен Қытай шекарасының түйіскен тұсы ғана емес, стратегиялық серіктестікке серпін беретін орталық. Көршілес елдің кәсіпкерлері тағы қол алысып, 3 млрд доллардан асатын бірлескен жобаларын жасаймыз деген шешімге келді. Олар сауда, өнеркәсіп, ғылым, білім және туризм салаларын қамтиды. 

«Қорғас» ШЫХО» АҚ әкімшілік комитетінің президенті Қахарман Джазиннің айтуынша, Жаркент пен Қорғас қалаларының арасындағы достық туралы келісімге қол қойылды. Биыл сауда кешені, қонақ үйлер, бизнес орталығы сияқты жаңа нысандар пайдалануға берілмек. Сондай-ақ ойын-сауық орталығының құрылысы басталады. Бұл нысандар қытайлық туристерді тартатын болады.

«Осы бизнес форумның арқасында біз қазақстандық компаниямен келісім жасадық. 120 миллион юань инвестиция салатын ойымыз бар»,-дейді Қорғас қаласындағы халықаралық компанияның директорының Юй Чэнчжун.

 Инвесторлар мен кәсіпкерлердің тікелей диалогы түрінде өткізілетін мұндай форум Қорғаста алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Қатысушылар жиында өздерін толғандырған барлық мәселені талқылады. Мұнай жиын іскерлік туризм, сауда, мәдениет және гуманитарлық саладағы қарым-қатынасты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. 

 «Қорғас» еркін экономика аймағы әкімшілік комитеті басшысының орынбасары У Хаоның пікірінше, «Бір белдеу, бір жол» бастамасының аясында «Қорғас» шекара ынтымақтастығы орталығында тың нарықты игеретін мүмкіндіктер пайда болды. «Бұл жерде Қытай ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақ, ТМД елдері мен Оңтүстік-Шығыс Азиядағы мемлекеттерге шығуға болады».

«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы таяуда еркін экономикалық аймақ мәртебесіне ие болды. Енді кәсіпкерлер негізгі салықтан босатылып, әлеуметтік салықты ғана төлейді. Форумға қатысушылардың айтуынша, бұл жеңілдік Қытай инвесторларын Қазақстанға тартуға септігін тигізбек.  

Соңғы жаңалықтар