Қазақстан мен Қырғызстанның зиялылары байланысты үзбеуі керек - қырғыз депутаты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Қырғызстан - бауырлас елдер және олардың зиялы қауым өкілдері жоғары деңгейдегі байланыста болуы керек. Бұл пікірді Қырғызстанның қоғам қайраткері, кинорежиссер, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің депутаты Садық Шер-Нияз Астанада Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына арналған халықаралық форумда мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Екі ел арасындағы достықты нығайтатын мұндай форумдардың ұйымдастырылғанына қуаныштымын. Әсіресе, біздегі соңғы сайлаудан кейін екі ел арасындағы ортақ шараның ұйымдастырылғаны қуантады. Кейде теледидардан Нұрсұлтан Назарбаев сөйлегенде, мұқият тыңдаймыз. Өз сөзінде Назарбаевтың қазақ пен қырғыздың достығын, ғасырлар бойы жалғасқан дәстүр мен мәдени байланысын ерекше атап өтетіні қуантады», - деді Садық Шер-Нияз.

Қырғызстандық депутат қазақ пен қырғыздың бауырлас халықтар екенін, олардың қарым-қатынасы жоғары деңгейде болуы тиістігін атап өтті.

«Ең алдымен екі елдің зиялылары қарым-қатынасты нығайтулары керек. Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматовтар - қос халыққа ортақ тұлғалар болды. Олар ғасырлар бойы жалғасқан ұлы жолды жалғастырды. Ендігі біздің міндетіміз - осы жолды жалғастыру. Мұндай шаралар қос халықтың өскелең ұрпағына оң әсер береді. Дәл осындай шаралар Қазақстан мен Қырғызстанда бірдей құрметке ие болатын жаңа таланттарды, жаңа есімдерді танытуға мүмкіндік береді», - деді ол.

Сонымен бірге, С. Шер-Нияз ортақ тарих пен ортақ мәдениеттің ешқандай дауға жол бермейтінін баса айтты.

«Менің ойымша, екі ел арасындағы қарым-қатынас ешқашан шиеленіскен жоқ. Әрине, тарихта түрі оқиғалар болды, бірақ бұл - бауырлас халықтарға ғана тән құбылыс. Біздің ортақ тарихымыз, тұрмысымыз бен мәдениетіміз арадағы қарым-қатынастың қиындауына жол бермейді», - деп өз сөзін түйіндеді Садық Шер-Нияз.

Айта кетейік, Астанада Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына арналған «Айтматов тағылымы» атты халықаралық форум өтіп жатыр. Форум аясында Қырғызстанның экс-Мемлекеттік хатшысы, профессор Османакун Ибраимовтың «Айтматов. Последний писатель империи» атты жаңа жаңа кітабы таныстырылды.

Соңғы жаңалықтар