Қазақстан мен Қырғызстан тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізбек

None
None
БІШКЕК. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Қырғызстан тауар айналымын 1 млрд АҚШ долларына жеткізбек. Бұл туралы Бішкекке мемлекеттік сапармен келген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға ерекше назар аудардық. 2015 жылдан бері еуразиялық интеграция жағдайында жұмысты бастадық. ЕАЭО-ға мүшелік біздің экономикалық қатынастарды кеңейтуге жаңа мүмкіндіктерді ашты. Екіжақты тауар айналымы 2015 жылдан 2018 жыл аралығында 30 пайызға артып, 900 млн долларды құрады. Бүгінде біздің еліміз Қырғызстанның алдыңғы қатарлы сауда серіктестерінің бірі болып отыр», - деді Қ. Тоқаев Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбековпен болған келіссөздерден кейін.

Осы орайда Мемлекет басшысы қазіргі кезде Қырғызстан Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі сауда серіктесі екенін еске салды.

«Бұл тұрғыда сауда көрсеткіштерінің көлемі осымен шектелмеуі тиіс екенін түсінеміз. Біздің таяудағы мақсатымызда тауар айналымын 1 млрд АҚШ долларына жеткізу ескерілген. Осыған байланысты екіжақты сауданың номенклатурасын кеңейту бойынша және жаңа нарықтық бағыттарды іздестіруге қатысты тапсырмалар бердік», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар