Қазақстан мен Қырғызстан шекара бекетін жаңғырту туралы келісімге қол қойды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Қырғызстан шекаралық өткізу бекетін реконструкциялау туралы келісімге қол қойды. Бұл жөнінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына жасаған мемлекеттік сапары аясында қос елдің Үкіметі арасында ҚР «Қарасу» және Қырғыз Республикасының «Ақ тілек» өткізу бекеттерінің аралығында жаңа көпірдің құрылысы мен қолданыстағы көпірді реконструкциялау бойынша бірлескен шаралар туралы келісімге қол қойылды.

Келісімге сәйкес, өткізу бекетін жаңғырту жұмыстары 2020 жылы Шу өзені арқылы өтетін көпірді қалпына келтіру жөніндегі жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу шараларынан басталмақ. Жоба аясында жүк және жеңіл көліктердің қозғалысына арналған жолақтар саны арттырылып, көпірдің әр елге тиесілі жақтарында жаяу жүргіншілер өтпелдері салынады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, жолдарды жөндеу, жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды жайластыру және жарықтандыру нысандарын орнату жұмыстарын қоса алғанда, «Қарасу» өткізу бекетінің көліктік инфрақұрылымы қалпына келтірілетін болады. Жобаны іске асыру «Қарасу» бекетінің өткізу қабілеттілігін 2 есе арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда көлемінің ұлғаюына себеп болып, екі елдің азаматтары үшін қолайлы жағдай жасайды. «Қарасу» бекетінің өткізу қабілеті - жылына 400 мыңға жуық автомобиль көлігі мен 850 мыңнан астам адамды құрайды. Жоспарға сәйкес жұмыстар 2021 жылы аяқталады.

Еске салайық, Қазақстан мен Қырғызстан арасында бүгінгі таңда 7 өткізу бекеті жұмыс істейді. Олар - «Қордай», «Қарасу», «Сыпатай батыр», «Айша бибі», «Кеген», және «Сарытөбе» өткізу бекеттері. Келесі жылы «Бесағаш» өткізу бекетінің жұмысы қайта жанданып, «Кеген» өткізу бекетінің жұмыс уақыты ұзарады. Осылайша, екі ел арасындағы шекарадан 8 бекет арқылы өтуге болады.

Сондай-ақ, қазақстандық тараптың «Қордай» өткізу бекетін реконструкциялайтынын да айта кету керек. Мердігер ұйым - «ЖолҚұрылыс» ЖШС. Жоба 2020 жылы аяқталады. Жаңғырту жұмыстарынан соң «Қордай» бекетінің өткізу қабілеті - жылына шамамен 9 млн адам мен 900 мың автомобиль болмақ.

Соңғы жаңалықтар