Қазақстан мен Қырғызстан полицейлері қылмыспен бірлесіп күресуге келісті

None
None
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин Қырғызстан Республикасына жұмыс сапарымен барып, Чу облысы ішкі істер басқармасының бастығы Сапарбек Асаналиевпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиында екі өңірдің аумағында ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес бойынша өзара іс-қимыл мүмкіндіктері талқыланды.

Мал ұрлығына, контрабандаға, ұялы телефон ұрлығына, автокөлікті айдап әкету, заңсыз көші-қонға және қарудың заңсыз айналымына қарсы күресте бірлескен жұмысты жандандыру мәселелері қаралды.

Екі облыс арасында өзара әрекеттестік үшін қажетті құжаттарға қол қойылып, өңіраралық ынтымақтастықтың берік іргетасы қаланғаны атап өтілді.

«Өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету - ішкі істер органдарының негізгі басымдықтарының бірі болып қала бермек. Екі елдің полиция қызметкерлері іздеудегі қылмыскерлерді өзара іздестіру және ұстау үшін тиімді нәтижелі жұмыс жүргізіп отыр. Мәселен, өткен және биылғы жылы полицейлер Қырғызстанның құқық қорғау органдарымен бірлесіп, Жамбыл облысынан тыс жерде жасырынып жүрген 3 қылмыскерді құрықтады және көрші елде іздеуде жүрген 16 қылмыскердің жүрген жерін анықтады, - деді Арманбек Хакимбекұлы.

Кездесу барысында Қазақстандағы полиция жұмысының сервистік моделіне көшу және полиция қызметіне цифрландыруды енгізу мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ, Арманбек Баймурзин жол-көлік апатынан кейін қалпына келмейтін ұрланған, жалған нөмірлі және тағы басқа көліктерді жедел анықтау үшін дерек алмасу процесін құруды ұсынды.

Бұл ұсыныс қолдау тапты.

Кездесу соңында тараптар екіжақты қарым-қатынасты дамыту мен нығайту – заңбұзушылықтың алдын алу жұмысын жаңа деңгейге көтеретініне нық сенім білдірді.


Соңғы жаңалықтар