Қазақстан мен Қырғызстан орман жамылғысына бірлескен ғарыштық мониторинг жүргізді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық мамандар еліміздің Қырғызстанмен шекаралас аудандарындағы тозған орман алқаптарын қалпына келтіру бойынша алғашқы халықаралық жобаны іске асыруға кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының кеңістіктік деректер департаменті экология және қауіпсіздік мониторингі басқармасының басшысы Азамат Маханов хабарлағандай, жобаның мақсаты - 70 жыл көлемінде жерді қашықтан зондау деректерін пайдалана отырып, тарихи карталау негізінде орман жамылғысының өзгерістерін сәйкестендіру.

Орманды жерлердің азаю мәселесі 2018 жылы екі елдің экология министрлерінің Астанада кездесуі кезінде көтерілді. Сол кезде Қазақстан мен Қырғызстан 2030 жылға қарай 350 млн га жерді қалпына келтіру жаһандық мақсатымен «Бонн шақыруы» халықаралық бастамасы шеңберінде 1,5 млн га және 323 мың га орманды қалпына келтіру бойынша ерікті міндеттемелер алды.

«Жоба командасы «Open Foris Collect» платформасы негізінде ормандарды талдау саласындағы халықаралық тәжірибені зерттеді. Сондай-ақ, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы орманның өрт шалған аумақтары мен ағаштары кесілген жерлерге мониторингі жүргізу бойынша 2 патентке ие. Жерді зондтаудың бұл әдістемелері жұмыс барысында біз үшін айтарлықтай демеу болды. Бұл жобада орташа кеңістіктікте рұқсат беретін ғарыштық суреттер қолданылды. Одан басқа, орман екпелері жоспарының толық картографиялық деректері алынды. Қорытынды талдау жасау нәтижесінде ормандардың азаю себептерін верификациялау және нақтылау мақсатында далалық жұмыстар ұйымдастырылды. Орман жамылғысының азаюының негізгі себептері жел, көшкін, өрт, антропогендік, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық факторлар», - деді Азамат Маханов.

4700 шаршы шақырымды құрайтын орманды аумақта, 1174 учаскеден жалпы көлемі 2060 га орман жамылғысының азайып кеткені анықталды. Қазақстан бойынша 1965 га, яғни 1081 учаске, ал Қырғызстанда 95 га құрайтын 93 учаске бар.

Қазақстанда аталған жоба сәтті орындалып, жұмыс нәтижесін халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Германия қоғамы (GIZ) жоғары бағалады.

Атқарылған жұмыстың қорытындысын талқылау үшін Қазақстанға геоақпараттық жүйе мамандары мен Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан орман кәсіпорындарының өкілдері шақырылды. Өз кезегінде қазақстандық мамандар әріптестеріне орман шаруашылығы мәселесіне арналған тренинг өткізді.

«Жерді қашықтан зондтау қазіргі уақытта ормандардың жай-күйі мен динамикасы туралы басты дерек көзі. Осылайша орман жамылғысының жай-күйі мен серпінінің негізгі сипаттамаларын өлшеудің анықтығы, жеделдігі және жүйелілігінің жоғары деңгейі қамтамасыз етіледі. Тренинг пайдалы өтті және алынған тәжірибе табиғи-климаттық жағдайлардың ұқсастығын ескере отырып, Орталық Азияның басқа елдеріне де таратылуы мүмкін», - деді А.Маханов.



Соңғы жаңалықтар