Қазақстан мен Қырғызстан көкпар туралы фильм түсіріп жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Қырғызстан актерлерінің қатысуымен «Көкпар» атты спорттық драма-экшнның түсірілімі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кинокартина талантты көкпар ойыншысы, «Жалын» командасының капитаны Мақсат жайында баяндайды. Маңызды бір кезекті ойындағы жеңілістен кейін, «Жалын» командасының иесі жарақат алған атпен алаңға шығудан бас тартқан Мақсатты командадан шығару шешімін жасайды. Өзінің ауылына оралғаннан кейін жас жігіт жаңа команда жинап, осы спорттың биік шыңына жетудің ауыр жолын бастайды.

Фильмнің режиссері Руслан Акунның айтуынша, кинокартина соңғы үлгідегі технологиялармен түсірілуде. Сонымен қатар туындыдағы кейіпкерлерді Қазақстан мен Қырғызстанның үздік актерлері сомдайтын болады.

«Көкпар» фильмінің басты рөлдерінде қазақстандық актер әрі каскадер Асылхан Төлепов (Жаужүрек мың бала) және актриса Гүлназ Жоланова ойнайды.

Белгілі болғандай, ат үстіндегі әрі каскадерлік трюктерді әлемге танымал «Nomad» тобы орындайды. Олар осыған дейін «Марко Поло» сериалына түсті, сондай-ақ «Жаужүрек мың бала», «Моңғол» және өзге де фильмдерде трюктер жасады.

«ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген сұхбатында Асылхан Төлепов аталған жобаға қатысу туралы ұсынысқа бірден келіскенін айтты.

«Көкпар - ол нағыз ерлерге арналған спорт түрі. Түсірілімді жоспарлау кезінде мен бұл жобаға дайын екенімді айттым. Егер де ұнаған жобаға кіріссем, онда өзімді толықтай фильмге арнаймын. Осыған байланысты Қазақстанның көкпардан жастар спорттық лигасы лагерінде жаттығудан өттім. Кәсіби ойыншылармен қатар ойнау үшін елеулі күш-жігер қажет болды. Сондықтан түсірілім алаңында маған қиын болмады. Фильмде Мақсат есімді жігіттің рөлін сомдаймын. Жалпы, осы кейіпкер мақсатына жетуге талпынған жігерлі адам ретінде көрсетіледі», - деді ол.



Автор: Дамир Байманов

Соңғы жаңалықтар