Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тау өткелдері саяхатшылар үшін 2023 жылы ашылмақ

None
None
БІШКЕК. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы саяхатшылар үшін 13 жыл бойы жабық болған трансшекаралық тау маршруттары 2023 жылы ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі Қырғызстанның туризмді дамытуды қолдау қорына сілтеме жасап.

Жақында Алматы қаласынан Ыстықкөлге Сарыбұлақ асуы арқылы пилоттық сапар жасалды. Қазақстан мен Қырғызстанның шенеуніктері, бизнесмен, депутат және қоғам қайраткерлерінен құралған топтың үш күндік саяхаты Ыстықкөл облысы Түп ауданы Балбай батыр ауылында аяқталды. Саяхатшылар таулы жолдармен 25 шақырымнан астам қашықтықты жаяу жүріп өтті. Ұйымдасқан түрде Көлсайдағы үш көлге соғып, теңіз деңгейінен 3 270 метр биіктіктегі Сарыбұлақ асуына көтеріліп, Ыстықкөл алқабына түсті.

Маршрутты пилоттық жүріп өту барысында табиғи сипаттағы ықтимал қатерлер тұрғысынан жергілікті жерге зерттеу жүргізілді, шекараны кесіп өту рәсімі пысықталды, соқпақтардың жай-күйі туралы деректер жаңартылды.

Танымал тау өткелдері треккинг, ат немесе экстремалды велосипед турларын ұнататындарға, қазақстандық және қырғызстандық туристер мен алыс шет елдерден келетін саяхатшыларды қызықтыруы мүмкін.

Қазақстан мен Қырғызстанның парламентарийлері, ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы, Қырғызстан туризмді дамытуды қолдау қорының төрағасы тау маршрутын ашуға дайындық бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Осы жылдың сәуір айында барлық проблемалық мәселелерді реттеуге және трансшекаралық бағыттарды жандандыруға бағытталған «Kaz Alpine Club» Қазақстан қоғамдық бірлестігі мен «КАТО» ААҚ Қырғызстан туроператорлар қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Таяуда туризм саласындағы құзырлы органдар арнайы үкіметаралық келісімге қол қояды деген жоспар бар.


Соңғы жаңалықтар