Қазақстан мен Қырғыз шекарасы халықаралық құқықтық деңгейде бекітіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартты ратификациялау» туралы заң жобасы мақұлданды.

Екі ел арасындағы шекараны шегендеу туралы шартқа 2017 жылғы 25 желтоқсанда Астанада Қырғыз Республикасы мемлекет басшысының Қазақстанға ресми сапары шеңберінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жəне Қырғыз Президенті Сооронбай Жээнбеков қол қойған.

ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, шарттың басты мақсаты - Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекара сызығын халықаралық құқықтық деңгейде бекіту. «Шекараны шегендеу нәтижесінде мемлекеттік шекара сызығының ұзындығы 1257,07 шақырымды құрады. Шекара сызығында 1055 шекаралық бағана орнатылды», - деді министр орынбасары. Оның сөзіне қарағанда, аталған шарт мерзімсіз болып табылады әрі денонсациялауға жатпайды. Ал шарттың күшіне енуі Қазақстанның мемлекеттік шекарасының халықаралық құқықтық рәсімдеу процесінің аяқталуына, Қырғыз Республикасымен аумақтық даулардың туындауының алдын ала жоюға ықпал етеді.

«Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттарының бірі - еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін мемлекеттік шекараны халықаралық құқықтық рәсімдеу болып табылады. Қалыптасқан геосаяси жағдайларла шекараны шегендеудің мүмкіндігінше жақын мерзімде аяқтау мемлекетіміздің аумақтық тұтастығына, шекараның мызғымастығына және ел егемендігіне тудыруы мүмкін қауіп-қатерлерді болдырмау үшін ерекше өзекті болып табылады», - деді Мұхтар Тілеуберді. 

Талқылау барысында депутаттар мемлекеттік шекараны шегендеуде Елбасының еңбегі ерен екенін атап өтті.

«Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік шекарамызды құқықтық рәсімдеу мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Президент өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында: «Қазақстанның мемлекеттік шекарасын саяси растаудың, заң жүзінде рәсімдеудің және халықаралық дәрежеде мойындалуының тарихи маңызын айтып жеткізу мүмкін емес. Достар үшін ашық, жат пиғылдылар үшін жабық мемлекеттік шекараның бекітілуі Қазақстан Республикасының егемендігін әйгілей түсті, ұзақ мерзімге тұрақты бейбітшілікті қамтамасыз етті» деп атап өткен болатын. Мемлекеттік шекара БҰҰ Жарғысымен және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының 1975 жылғы қорытынды актісімен бекітілген іргелі халықаралық құқық қағидаттарының бірі болып табылады. Осыны ескерсек, бұл шарт еліміз үшін ерекше маңызды», - деді депутат Қожахан Жабағиев.

Оның сөзіне қарағанда, шарт екі ел арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың 150-ден астам құжаттан тұратын шарт-құқықтық базасын толықтырады. Бұдан басқа, шартта мемлекеттік шекараның бастапқы және соңғы түйісу нүктелері айқындалған.

«Бір сөзбен айтқанда бүгінгі шарт бауырлас елдер арасындағы мемлекеттік шекараны халықаралық-құқықтық рәсімдеу процесін толығымен аяқтап, екі мемлекеттің өзара сыйластығы мен егемендік, теңдігін және аумақтық тұтастығының берік негізін жасайды», - деді депутат.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Сенатқа жолданады.

Соңғы жаңалықтар