Қазақстан мен Корея кеден саласындағы өзекті мәселелерді талқылады

None
None
СЕУЛ. ҚазАқпарат - Корея Республикасы дәстүрлі түрде Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің ондығына кіреді. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Жұмағұлов Кореяның кеден қызметінің комиссары Юн Тхэ Шикпен кездесуде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осы күндері Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Корея Республикасының кеден қызметінің қолдауымен Сеул қаласында өтіп жатқан Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы (ОАӨЭЫ) Кедендік ынтымақтастық комитетінің кеден әкімшіліктері басшыларының форумына қатысуда.

Қазақстандық делегацияны комитет төрағаның орынбасары Қ. Жұмағұлов және Электрондық декларациялау департаментінің директоры Ж. Дүйсембиев бастап барды.

Форум шеңберінде комитет төрағасының орынбасары Кореяның кеден қызметінің комиссары Юн Тхэ Шикпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері мен келешегін талқылады.

Қ. Жұмағұлов Корея Республикасы дәстүрлі түрде Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің ондығына кіретінін және екіжақты тауар айналымының серпіні тұрақты өсіп отырғанын атап өтті.

Тараптар кедендік әкімшілендірудің бірқатар мәселелері бойынша ынтымақтастықты жандандыру қажеттігі туралы келісті. Атап айтқанда, қазақстандық тарап экспорттық декларациялардан алынған мәліметтер бойынша алдын ала ақпарат алмасу бойынша өзара іс-қимыл мәселесін қарауды ұсынды. Корея тарапы бұл ұсынысты қолдап, Қазақстан бастамасын ілгерілетуге дайын екенін растады.

Сондай-ақ Қ. Жұмағұлов пен Юн Тхэ Шик кеден ісінде жаңа ақпараттық шешімдерді қолдану, атап айтқанда жасанды интеллект, машиналық оқыту және үлкен деректерді қолдану мәселелерінде тәжірибе алмасуға дайын екендіктерін растады.



Соңғы жаңалықтар