Қазақстан мен Корея арасындағы дипломатиялық қатынасқа 30 жыл: Елші құттықтады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ку Хонг-сок екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуымен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанда тұратын Кореяның азаматтары және жергілікті корей диаспорасының қадірменді өкілдері! Құрметті Қазақстан азаматтары, Корея мен Қазақстанды жақсы көретін достар және құрметті әріптестер! Сіздерді Корея Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Корея Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейінгі келесі жылы, 1992 жылдың қаңтарында дипломатиялық қатынастар орнатқан алғашқы елдердің бірі болды. Содан бері Корея мен Қазақстан әрқашан жақын дос және сенімді серіктес болып келді. Екі елдің көшбасшылары арасында тығыз алмасулар жалғасып, түрлі жетістіктерге қол жетті», - деді Елші Ку Хонг-сок өз құттықтауында.

Елшінің айтуынша, Қазақстан Корея үкіметі іске асырып жатқан «Жаңа солтүстік саясаты» экономикалық ынтымақтастық бастамасының негізгі серіктесі болып саналады. Бүгінде Орталық Азия елдері арасында Қазақстан – Кореямен сауда жасау және инвестиция құю көлемі бойынша жетекші ел, ал Қазақстан үшін Корея – көлемі жағынан төртінші сауда серіктесі.

Пандемия салдарынан туындаған қиындықтарға қарамастан, екі ел арасындағы сауда көлемі жоғары деңгейде сақталып тұр. Қазақстан жолдарында көптеген корей автокөліктерін көруге болады, ал корей өндірісінің смартфондары мен тұрмыстық техникасы әрбір үйде, әрбір оқу орнында немесе кеңседе бар. Соңғы уақытта кореялық компаниялар цифрлық индустрия, денсаулық сақтау және болашақтағы ауыл шаруашылығы сияқты жаңа салалардағы ынтымақтастықты әртараптандыруға тырысып келеді.


«Атап айтқанда, екі ел арасындағы көміртегі бейтараптығы мен жаңартылатын энергетика саласында стратегиялық ынтымақтастық орнату үшін үлкен әлеуетіміз бар деп есептеймін. Тәуелсіздік алған сәтте көлемі бойынша әлемдегі төртінші ядролық держава мәртебесінен бас тарту жөнінде батыл шешім қабылдаған Қазақстан ядролық қарусыздану мен денуклеаризацияны белсенді қолдайтын халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі болып отыр.

Менің ойымша, Қазақстанның бейбітшілік пен әлемнің бірлесіп өркендеуі үшін ядролық арсеналдан бас тарту туралы шешімі Орталық Азияның тұрақтылығы мен өркендеуінде маңызды рөл атқарады және Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтағы мәртебесін нығайтудың негізін қалады. Ядролық қарусыздану туралы шешім қабылдаған Қазақстанның үлгісі Корея түбегінде бейбітшілік орнатуға жақсы бастама болады деп санаймын.

Сондай-ақ, мен Корея Республикасы үкіметінің Корей түбегіндегі бейбітшілік процесін ілгерілету жөніндегі күш-жігеріне қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Үкіметіне ризашылығымды білдіремін», - дейді Корея Елшісі.

Елші қазақстандық мәдениеттің корей мәдениетімен көп ұқсастығы барын, мысалы, қонақжайлылық, үлкендерге құрмет көрсету, бір-біріне сыйластықпен қарау сияқты дәстүрлердің ерекше әсер еткенін айтты. Әсіресе, 2014 жылы визаны алып тастау келісімі күшіне енгеннен бері екі ел азаматтары арасындағы мәдени және эмоционалды ұқсастықтарға негізделген өзара алмасу тұрақты түрде кеңейе бастады.

«Корея мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың, әсіресе ортақ байланыстырушы буын – корей диаспорасының арқасында одан әрі дамуына әлеуеті жетеді деп санаймын. Қазіргі уақытта Қазақстанда тұратын 108 мыңға жуық этникалық корейлер – 1937 жылы Ресейдің Қиыр Шығысынан мәжбүрлі депортацияға ұшыраған корейлердің ұрпақтары. Этникалық азшылықтардың қандай да бір кемсітусіз дамуына және табысқа жетуіне ерекше көңіл бөлініп, қолдау көрсетілетін Қазақстан Үкіметі жүргізіп отырған ұлтаралық келісім саясатының арқасында корей диаспорасының өкілдері бүгінде маңызды рөл атқарады және қазақстандық қоғам өміріне белсенді қатысады.

Дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толып отырған биылғы жылды екі елдің үкіметі «Өзара мәдени алмасу жылы« деп жариялады. Біз Корей мәдениетін көптеген қазақстандықтармен бөлісу үшін түрлі іс-шара дайындап жатырмыз. Осы айтулы оқиғаны - дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын бірге атап өту үшін эпиджағдайдың тезірек жақсара түсетініне үміт артамын.

Корея Қазақстанның тап болып отырған қиындықтарды еңсеруіне және неғұрлым берік тұрақтылық пен бейбітшілікке қол жеткізу үшін күш-жігерін жұмсап, өз үлесін қосуға тырасады. Сонымен қатар, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі кеңейтуіне күш-жігер жұмсайтын боламыз. Дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай екі елдің халқы арасындағы достық одан әрі нығая түседі деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық пен мол бақыт тілеймін! Көп рахмет», - деді Ку Хонг-сок.

Айта кетейік, осыдан 30 жыл бұрын 1992 жылы 28 қаңтарда Корея мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастар орнатылған еді.


Соңғы жаңалықтар