Қазақстан мен Кипр арасында қосарланған салықты болдырмау туралы құжат мақұлданды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Кипр Үкіметі арасындағы табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияны және оған Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осындай халықаралық шарттар шетелдік инвесторларға кепілдік жасап, салық салу құқығын екі мемлекет арасында әділетті бөлісуге мүмкіндік береді. Конвенция келесі мақсаттарды көздейді: біріншіден, алдағы уақытта салықтың барлық түрлері бойынша ақпарат алмасуды қалыптастырып, салық қызметтері арасындағы ынтымақтастықты нығайту; екіншіден, резиденттікті дәлелдейтін екі мемлекетте бірдей қолданылатын тәртіпті белгілеу; үшіншіден, екі ел құзыретті органдар арасындағы салықтық дауларды шешу үшін құқықтық негізді қалыптастыру.

«Екі ел арасындағы туар айналымы соңғы 10 жылда 440 млн долларға жетті. 2016 жылы жалпы сауда айналымы 7 млн долларды ғана құраған болатын. 2019 жылдың 9 айында Қазақстан мен Кипр арасындағы өзара сауда көлемі едәуір ұлғайып, 30 млн долларды құрады. Оның ішінде экспорт 28 млн, импорт 2 млн доллар деңгейінде. Тауар айналымының көбеюі Қазақстанның мұнай өнімдерін экспортқа көптеп шығаруына байланысты», - деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Смайылов.

Қазақстаннан аталған елге экспорттайтын өнімдер арасында көмір, мұнай өнімдері, алюминий және азық-түлік өнімдері қамтылған. Ал импорт құрылымында көбінесе фармацевтік, парфюмерлік, косметикалық заттар енген.

Соңғы жаңалықтар