Қазақстан мен Қатар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті

Фото: None
ДОХА. ҚазАқпарат – XX Доха халықаралық форумына қатысу үшін Қатар Мемлекетіне сапары аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қатардың мемлекеттік органдары мен ірі компанияларының басшыларымен бірқатар екіжақты кездесу өткізді.

Қатар Мемлекетінің Индустрия және сауда министрі – Жоғары деңгейдегі Қазақстан-Қатар бірлескен комиссиясының тең төрағасы шейх Мұхаммед бин Хамад Әл Танимен келіссөз барысында тараптар сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамыту және мемлекеттер арасындағы екіжақты сауда айналымын ұлғайту қажеттігін атап өтті.

Осы тұрғыда Үкіметаралық комиссияның мүмкіндіктерін пайдаланудың маңыздылығы атап өтілді, оның келесі 6-шы отырысын ағымдағы жылы Доха қаласында өткізу жоспарланып отыр.

ҚР СІМ басшысы Қатар Қазақстанның араб әлеміндегі маңызды саяси және экономикалық әріптесі екенін мәлімдеді.

«Елдеріміз арасында жоғары саяси деңгейде ашық және сенімді диалог орнаған. Бірлескен күш-жігерімізбен ынтымақтастығымызды дамудың сапалы жаңа сатысына көтеретінімізге сенімдіміз», - деді М.Тілеуберді.

Тараптар бірлескен іс-шаралар кестесін, оның ішінде Қатар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Танидің Қазақстанға алдағы мемлекеттік сапары қарсаңында Қазақстан-Қатар инвестициялық форумын және Astana Financial Days шеңберінде Қатар күнін өткізуді талқылады.

Министр М.Тілеуберді сондай-ақ «Qatar Investment Authority» Қатар инвестициялық қорының Басқарма төрағасы Мансур әл-Махмуд, Қатар бизнесмендері қауымдастығының төрағасы, «Faisal Holding» басшысы шейх Фейсал бен Касим әл-Тани, «Power International Holding» Басқарма төрағасы Мутаз Әл-Хайятпен бөлек кездесулер өткізді. Осы кездесулер барысында бірлескен инвестициялық қор құру және тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, медицина және туризм саласындағы бірқатар ірі инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.



Соңғы жаңалықтар