Қазақстан мен Израиль қандай салаларда ынтымақтастық етеді

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада Израиль мемлекеті тәуелсіздігінің 75 жылдығына арналған дипломатиялық қабылдау өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Израильдің Қазақстан Республикасындағы және Қырғыз Республикасындағы Елшісі Эдвин Натан Ябо Глусманның айтуынша, Қазақстан-Израиль достығы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы табысты екіжақты ынтымақтастықтың жарқын мысалы болып табылады.

«Жылдан жылға екі ел арасындағы ынтымақтастық нығайып, жоғары деңгейге көтеріліп, әсіресе парламентаралық байланыстар дамып келеді. Сонымен бірге, тұрақты негізде ведомствоаралық консультациялар өтіп тұрады. Израиль мен Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім кеңесі (АӨСШК) аясында белсенді ынтымақтастықты нығаюда, Израильден келген Ашкенази және Сефард раввиндері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне тұрақты түрде қатысып келеді», - деді Израиль Елшісі «Rixos Astana» қонақ үйінде өткен қабылдауда.


2022 жылы Қазақстан мен Израиль дипломатиялық қарым-қатынасының орнағанына 30 жыл толды. Соңғы жылдары сауда-экономика, ғылым мен техника, мәдениет және туризм сияқты түрлі салаларда бірнеше келісімдерге қол қойылды.

1992 жылдан бастап екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды дамытуға мүмкіндік беретін Қазақстан-Израиль сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссиясы жұмыс істейді. Қос ел денсаулық сақтау саласына маңызды рөл береді және медицина мамандары қарқынды тәжірибе алмасуда. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық та екіжақты қарым-қатынас күн тәртібінде маңызды орын алады.


Сонымен бірге, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Израиль Елшісіне құттықтау лебізін білдірді

«Қазақстан Израильді Таяу Шығыстағы сенімді және сындарлы әріптес ретінде санайды және саяси және экономикалық, оның ішінде мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара тиімді қарым-қатынасты дамытуға үлкен мән береді. Осындай қысқа уақытта біздің мемлекеттеріміз тығыз байланыстарды дамытудың қолайлы бағыттарын қалыптастырды. Қазір біз көптеген салаларды қамтитын Қазақстан мен Израиль арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссиясы шеңберінде табысты өзара іс-қимыл жасаудамыз. Достық пен өзара сыйластық қағидаттарына негізделген екіжақты ынтымақтастық Қазақстан мен Израиль халықтарының игілігі үшін одан әрі дамиды деп үміттенеміз», - деді Е. Еркінбаев.


Бұған дейін Алматыда Израиль мәдениетінің фестивалі өтіп, белгілі музыканттар, театр ұжымдары мен хореографтар өнер көрсеткен. Өз кезегінде Израильдегі қазақ мәдениетінің күндері Израиль жұртшылығын Қазақстанның ұлттық музыкасымен, биімен және асханасымен таныстырған.

«Израиль Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейінгі тұрақты даму күн тәртібін жүзеге асыруға үлкен мән беріп, күш-жігерін салуда. Оған өзінің технологиялық және зерттеу дағдыларын, өзіне тән инновациялық рухты пайдаланады. Израильде су ресурстары бар. Бастапқыда елдің көп бөлігіндегі құрғақшылықты басшылыққа алып, тамшылатып суаруды ойлап тапты, ағынды суларды тазартуға жетекшілік етті, Калифорниядан Үндістанға дейін тұщыландыру мүмкіндіктерін қолданды және ауадан су жасайтын технологияны жасады. Израиль климаттың өзгеруімен күресу бойынша жаһандық күш-жігерді ілгерілетуге көңіл бөледі, климаттың өзгеруімен байланысты кәсіпорындар соңғы технологиялық стартаптардың 10% құрайды», - деді Эдвин Натан Ябо Глусман.


Израиль Елшісі жалпы адамзаттың, атап айтқанда Таяу Шығыстың алдында тұрған қиындықтар тізбесі шөлейттену мен климаттың өзгеруі, экстремизм мен терроризм сияқты көптеген мәселелерді қамтитынын, мұнда бейбітшіліксіз бірлескен әрекет мүмкін еместігін айтты.

«Израиль мен аймақ елдері арасында «Ыбырайым келісімі» жасалып, бейбітшілік шеңбері кеңейді. Мысыр Араб Республикасы, Иордания Хашимит Корольдігі, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн Корольдігі, Марокко Корольдігі және Израиль мемлекеті Жаңа Таяу Шығысты құруда. Олардың азаматтары қазір-ақ бейбітшілік, береке мен экономикалық дамудың жемісін көруде. Жаңа дипломатиялық қарым-қатынастар мен екіжақты бірлескен күш-жігер орнап, сан алуан жобалар мен адамдар арасындағы қарым-қатынас өркендеп келеді», - деді дипломат.

1958 жылы Израильдің сол кездегі Сыртқы істер министрі Голда Мейр МАШАВ (Израильдің даму тәжірибесіне негізделген халықаралық ынтымақтастық бағдарламасы) агенттігін құрған. Ол бүгінгі күнге дейін Сыртқы істер министрлігінің қамқорлығымен жұмыс істейді.

«Біз әлі дамып келе жатқан ел болсақ та, ел басшылары Азиядағы, Африкадағы және басқа жерлердегі достарымен өздерінің ноу-хаулары мен тәжірибелерімен бөлісуді ұлттық миссия деп санайды. МАШАВ бірлескен жобаларды әзірлеу мен жүзеге асыру үшін серіктестік құруға баса назар аударады, мысалы, ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі салалары. Оның адам әлеуетін арттыру қызметі Израильдің салыстырмалы артықшылығы бар салаларға, соның ішінде инновациялар, кәсіпкерлік, әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту және денсаулық сақтау салаларына бағытталған. Ағылшын, француз, орыс, араб және испан тілдерінде оқытылатын МАШАВ бағдарламаларын бүгінге дейін 140 елден 300 мыңнан астам адам бітіріп, өз қоғамын пайдсын тигізіп және алған тәжірибесін отандастарына жеткізу үшін білім алып жатыр», - деп түсіндірді Елші.




Соңғы жаңалықтар