Қазақстан мен Италияның әскери альпинистері Мәншүк Мәметова шыңын бағындырмақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Италияның әскери альпинистері Мәншүк Мәметова шыңын бағындыруға дайындалып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Италия Қарулы күштерінің альпинистерімен тәжірибе алмасу аясында Тұйық-Су шатқалынан – Мыңжылқы үстірті – Мәншүк Мәметова мұздығына дейін, төрт мың метрге (4194 м) көтерілу жоспарланып отыр.

Жиын Тау дайындығы оқу-жаттығу орталығында қазақстандық Арнайы операциялық күштер әскери қызметшілері мен таудағы практикалық операцияларда тәжірибесі бар итальиялық нұсқаушылардың қатысуымен өтеді.

Аталған шара жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде әскери қызметшілердің тау дайындығы мен төзімділік деңгейін арттыруға бағытталған. Сабақта бөлімшелердің таудағы қозғалысы кезіндегі қауіпсіздік шараларына ерекше көңіл бөлінетін болады. 29 қазанда аяқталатын оқу-жаттығу жиынына қатысушыларға тиісті сертификаттар табыс етіледі.

Бұл Қазақстан мен Италия арасындағы әскери ынтымақтастықтың алғашқы тәжірибесі емес. 2013 жылы шілде айында еліміз Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бөлімшелері Италияның Альпі тауларында өткен тау бөлімшелерінің «Фальзарего» оқу-жаттығуына қатысқанын айта кету керек.


Соңғы жаңалықтар