Қазақстан мен Иран сыртқы істер министрлері не жайын талқылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Иран Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зарифпен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін біз Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зарифпен өте жемісті кездесу өткіздік. Оның барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі ахуалына және оның болашақ дамуына шолу жасадық. Нұр-Сұлтан мен Тегеранның өңірлік және халықаралық мәселелерге қатысты өзара ұстанымдары бойынша пікір алмастық. Бүкіл әлемді шарпыған COVID-19 пандемиясы халықаралық қатынастар жүйесіне елеулі әсер етті. Осыған қарамастан, пандемия қаупі бәсеңдеген соң біз екіжақты іс-шараларды өткізу туралы уағдаластық», - деді Мұхтар Тілеуберді кездесуден кейін БАҚ өкілдеріне арналған мәлімдемесінде.

Оның атап өтуінше, бүгінгі басқосуда Каспийге қатысты екіжақты және көпжақты ынтымақтастыққа баса назар аударылды. 2018 жылы Ақтау қаласында өткен Бесінші Каспий саммитінің тарихи маңызы ерекше атап өтілді. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның баптарын орындау және Ақтау саммитінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру қажеттігі келісілді.

«Біз екі елдің Біріккен Ұлттар Ұйымы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Ислам ынтымақтастық ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы және тағы басқа халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберіндегі өзара әрекеттестігін оң бағаладық. Екі мемлекеттің сауда-экономикалық байланысының көкжиектерін талқылап, көлік-транзит, ауыл шаруашылығы және тағы басқа салалардағы өзара ықпалдастықтың қарқынын өсіру қажеттігін атап өттік», - деді ҚР Сыртқы істер министрі.

Сонымен қатар тараптар Парсы шығанағы мен Еуропа, Ресей және Қытай нарықтарына тез жетуге мүмкіндік беретін Өзен (Қазақстан) – Берекет (Түрікменстан) - Инчебурун (Иран) темір жолының әлеуетін толық пайдалану маңыздылығын ашып айтқан.

«2020 жылы Қазақстан мен Иран арасындағы сауда айналымы 237 млн долларды құрап, 2019 жылға қарағанда 37,2 пайызға төмендеді. Осы ретте әртүрлі жағдайға байланысты бәсеңдеген екіжақты тауар айналымы көлемін арттыруға жан-жақты қолдау көрсету жолдарын талқыладық. Біз бұл бағыттағы уағдаластықтарды Қазақстан-Иран сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия аясында жүзеге асыру қажет деп келістік. Қазақстан мен Иран арасындағы сауда айналымының артуына оң ықпал етуі тиіс Иран мен Еуразиялық экономикалық одақ арасында қол қойылған Еркін сауда аймағын құру жөніндегі уақытша келісімді толық форматты келісімге айналдыру бойынша келіссөздер үдерісін құптаймыз», - деді Мұхтар Тілеуберді.


Соңғы жаңалықтар