Қазақстан мен Иран азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсететін болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенаты Қазақстан мен Иран арасындағы азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Парламент Сенатында заң жобасы бойынша сөз сөйлеген Әділет министрі Марат Бекетаев бұл келісімнің Қазақстанның Иранмен құқықтық ынтымақтастықты дамытуға, азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсетуді реттеуге, екі мемлекеттің жеке және заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерін қорғауға тиімді екіжақты тетігін құруға бағытталғанын атап өтті.

«Келісімді жасасудың өзектілігі Иран аумағындағы Қазақстан азаматтарының мүдделерін толық құқықтық қорғауды қамтамасыз етудің қажеттілігіне негізделген. Келісім екі мемлекеттің жеке және заңды тұлғаларына жеке және мүліктік құқықтарын қорғау, сотқа және басқа да құзыретті органдарына жүгіну, тегін заң көмегін пайдалану және сот шығындарын азайту құқығын береді», - деді Марат Бекетаев.

Атап айтқанда, екі ел құжаттар тапсыру, дәлелдемелер жинау және беру, куә мен сарапшыны шақыру, заң актілерін және төрелік шешімдерді тану және орындау, құқықтық ақпарат және материалдар алмасу саласында өзара құқықтық көмек көрсететін болады.

«Егер құқықтық көмекті орындау келісім тараптарының егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе ұлттық заңнаманың негізгі қағидаттарына нұқсан келтірсе, олар одан бас тартуға құқылы. Келісімді жүзеге асыру бойынша орталық органдары: Қазақстан үшін – Жоғарғы Сот және Әділет министрлігі, Иран үшін – Әділет министрлігі. Жалпы бүгінгі күнде Қазақстан Республикасымен осындай келісімдер 16 мемлекетпен жасалған. Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды қажет етпейді», - деді ол.



Соңғы жаңалықтар