Қазақстан мен Хорватия өзара инвесторларға кепілдік берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Хорватия Үкіметі арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімді және оған Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Келісім Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының модельдік тұжырымдамасының негізінде жасалған. Осындай халықаралық шарттар шетелдік инвесторларға кепілдік беріп, салық салу құқығын екі мемлекет арасында әділеттік бөлісуге мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, Келісім бірқатар мақсаттарды көздейді. Біріншіден, алдағы уақытта салықтың барлық түрлері бойынша ақпарат алмасуды қалыптастырып салық қызметтері арасындағы ынтымақтастықты нығайту; екіншіден, резиденттікті дәлелдейтін, екі мемлекетте бірдей қолданылатын тәртіпті белгілеу; үшіншіден, дивидендтер, пайыздар, роялти сияқты пассивті табыстарға шекті ставкаларды бекіту; төртіншіден, екі елдің құзыретті органдардың арасындағы салықтық дауларды шешу үшін құқықтық негізін қалыптастыру.

«Хорватиямен өзара сауда-саттық туралы кейбір деректерді қысқаша айтып өткім келеді. Екі ел арасындағы тауар айналымы соңғы 10 жылда 1,4 млрд  АҚШ долларына жетіп отыр. Қазақстан және Хорватия арасындағы өзара сауданың көлемі 2017 жыл ішінде едәуір ұлғайып, 317 млн АҚШ долларын құрады, оның ішінде экспорт - 304 млн АҚШ доллары, импорт - 13 млн АҚШ доллары. Тауар айналымның көбеюі Қазақстанның мұнай өнімдерін экспортқа көптеп шығаруына байланысты. Ал 2016 жылғы жалпы сауда айналымы 38,5 млн АҚШ долларын ғана құраған болатын. Қазақстандық экспорттың негізгі бағыты мұнай өнімдері, алюминий болып табылады», - деп нақтылады ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар, Хорватиядан импорт құрылымында фармацевтік өнімдер, косметикалық заттар, тоқыма өнімдері басымдыққа ие.

Соңғы жаңалықтар