Қазақстан мен Грузия Үкіметаралық комиссияның 10-ыншы отырысын өткізді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Грузин үкіметаралық комиссиясының 10-ыншы отырысы өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Комиссияның қазақстандық бөлігін Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр, ал грузин бөлігін Грузияның Экономика және орнықты даму министрі Натела Турнава басқарды. Сонымен қатар, отырысқа екі ел министрліктері мен мүдделі компаниялардың өкілдері қатысты.

Отырыс барысында екі жақты ынтымақтастықтың сауда, инвестициялар, ауыл шаруашылығы, көлік, байланыс, ақпараттық технологиялар мен инновациялар, ғылым, туризм, десаулық сақтау, өнеркәсіп және өзге де салалардағы мәселелер талқыланды.

Р.Скляр 2019 жылдың 2 айында тауар айналымының 29%-ға артуына әкелген өзара экспортты ілгерілету бойынша өткізілген жұмысқа оң баға берді (10-нан 13 млн.АҚШ долларына артты). Қазақстандық экспорттың көлемі де бидайды 11-есеге артық, сондай-ақ табиғи газ және резина мен пластмассаны өндеуге арналған құрал-жабдықтарды экспорттау нәтижесінде 29%-ға артты.

Сонымен қатар, тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту бойынша жүргізілген жұмысты оң бағалап, бәсекеге қабілетті тарифтік шарттарды қабылдау, жеткізу мерзімін қысқарту және Транскаспийлік дәліз бойынша жүктердің көлемін арттыру арқылы екі елдің транзиттік әлеуетін дамыту бойынша жұмысты жалғастыруға келісті.

Басқосуды қорытындылай келе, екі елдің министрлері Комиссия құрылған күннен бастап өзін екі жақты мәселелерді талқылау мен оларды шешу үшін маңызды механизм әрі қолайлы алаң ретінде танытқандығын атап өтті.

Комиссияның 10-ыншы отырысының нәтижесінде тиісті хаттамаға қол қойылды.

Анықтама:

Қазақстандық статистиканың мәліметіне сәйкес Қазақстан Республикасы мен Грузия арасындағы тауар айналымының көлемі 2018 жылы 87 млн АҚШ долларын құрады, ол 2017 жылғы көрсеткіштен 34,6%-ға артық (64 млн.АҚШ доллары).

Қазақстан Республикасынан Грузияға экспорт 2018 жылы 53,6 млн АҚШ долларын құрады, ол 2017 жылмен салыстырғанда 38,5%-ға көп (38,7 млн АҚШ доллары).

Грузияның Қазақстан Республикасына импорты 2018 жылы 33,4 млн АҚШ долларын құрады, ол 2017 жылмен салыстырғанда 28,9%-ға артық (25,9 млн АҚШ доллары).

Соңғы жаңалықтар