Қазақстан мен Германия ЭКСПО-2017 мақсатындағы ынтымақтастықты арттыра түседі - СІМ

None
None
АСТАНА. 11 шілде. ҚазАқпарат - Ағымдағы 9-10 шілдеде ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің Комиссары Рәпіл Жошыбаев Германияға жұмыс сапарымен барып қайтты. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Сапар аясында Р. Жошыбаев Берлин қаласында Германияның Сыртқы істер министрлігінің Статс-хатшысы Эмилия Хабермен, Федералдық экономика және технологиялар министрінің орынбасары Карл-Эрнст Браунермен, «GIZ Agenz» нарықтық шешімдер агенттігінің атқарушы директоры Андреас фон Шуманмен, «Deutsche Messe» компаниясының басқарушы кеңесінің мүшесі Андрей Гросспен және шетелдік инвесторлармен жүздесіп, келіссөздер өткізді.

Ал Германияның сыртқы саяси мекемесіндегі кездесуде екіжақты және халықаралық ынтымақтастықтың өзекті тақырыптары бойынша пікір алмасылды. Тараптар тұрақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың нығайғандығын, мәдени-гуманитарлық байланыстың ұлғайып отырғанын және екіжақты серпінді әрі табысты өзара ықпалдасудың жоғары деңгейін атап өтті. Келіссөздер барысында Ауғанстан мен Таяу Шығыстағы ахуалдың реттелуіне, лаңкестік пен экстремизммен күресуге, Еуропадағы дағдарысқа, сондай-ақ Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Сонымен бірге, технологиялар трансферті саласындағы бірлескен жобалардың іске асырылуы, қазақстандық «KazAID» халықаралық көмек және техникалық жәрдемдесу Агенттігін құру, Қазақстанда білім берудің «қосарланған жүйесін» дамыту, сондай-ақ 2017 жылы Астана қаласында 22-ші Дүниежүзілік мұнай конгресін өткізуі туралы қазақстандық ұсынысқа қолдау көрсету сияқты маңызды мәселелер талқыға салынды.

ГФР Федералдық экономика және технологиялар министрлігі басшылығымен өткен кездесуде тараптар Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен ГФР Федералдық канцлері А.Меркель арасындағы 2012 жылдың ақпанында Берлинде өткен кездесулері нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтардың тәжірибелі тұрғыдағы іске асырылуымен байланысты мәселелерді талқыға салды. Бұдан басқа, екі елдің сауда-экономикалық және өнеркәсіптік-технологиялық ынтымақтастығын одан әрі дамыту перспективалары әңгімеге арқау болды. Атап айтқанда, неміс тарапы үкіметаралық шикізаттық, өнеркәсіптік және технологиялық әріптестік туралы Келісімді Германия толықтыруға мүдделі екендігі жөнінде мәлімдеді. Сонымен бірге, Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшу шеңберіндегі болашақ энергиясын дамыту саласындағы қазақ-герман ынтымақтастығын дамытуға және Астанада ЕХРО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуін әзірлік ерекше назарда болды.

Осыған байланысты, Федералдық экономика және технологиялар министрінің орынбасары Карл-Эрнст Браунер, құрылыс саласындағы ең үздік технологиялық жетістіктер бойынша Германияның көрме аумағында өз павильонын салу бойынша жоспарлары туралы, сондай-ақ осы үдерісті жоба шеңберінде жаңартылатын қуаттың баламалы көздері кеңінен қолданылатыны туралы мәлім етті.

«GIZ Agenz» нарықтық шешімдер агенттігінің атқарушы директоры Андреас фон Шуман және «Deutsche Messe» компаниясының басқарушы кеңесінің мүшесі Андрей Гросс өздерінің ұйымдарының Астанада ЕХРО-2017 дайындығына қатысуға мүдделі екендіктерін растады. Неміс тарапы бүкіл әлем бойынша ірі ауқымдағы халықаралық көрме шараларын ұйымдастыру мен өткізу бойынша озық білімдері мен технологияларын Қазақстанға табыс етуге дайындықтарын білдірді. Кездесулер нәтижесінде осы мақсаттағы ынтымақтастықты тереңдету туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Шетелдік инвесторлармен өткен келіссөздерде Астанада Халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыруға шетелдік инвестициялар тарту жайы да қарастырылды.

Кездесулер мен келіссөздер барысында Астананың «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу мәртебесін иеленуі мемлекеттік құрылыс пен бәсекеге қабілетті экономиканы дамыту салаларындағы Қазақстанның жетістіктерін мойындау болып отырғаны атап өтілді. Неміс тарапының пікірінше, алдағы көрмеге «Болашақ энергиясы» тақырыбының таңдалуы ерекше құрметке ие, сондай-ақ бұл қадам табиғи ресурстарға бай ел басшылығының келешек ұрпақтар алдындағы саналы жауапкершілігінің нақты бейнеленуі болып есептеледі.

Соңғы жаңалықтар