Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымы 5,2 млрд еуродан асты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2018 жылдың қорытындысында Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымы 5,2 млрд еуродан асты. Бұл жайында бүгін Қазақстанның Германиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Нүсіпов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта Германияның сауда серіктестері рейтингінде Қазақстан 51-орында тұр. Германияның Орталық Азияның барлық 5 елімімен сыртқы саудасының 85 пайыздан астамы Қазақстанға тиесілі», - деді Болат Нүсіпов елордада өткен Берлин еуразиялық клубының 26-отырысында.

Оның мәліметінше, неміс инвестициясының шамамен 90 пайызы Қазақстанның шикізат емес секторына, яғни, шынайы сектордағы қайта өңдеу өнеркәсібіне салынған.

«Өткен жылдың қорытындысында екі елдің арасындағы тауар айналымы 5,2 млрд еуро шегінен асып түсті. Меніңше, бұл - өте жақсы көрсеткіш. Соңғы 12 жылда Германиядан Қазақстанға келген тікелей инвестицияның көлемі 8,6 млрд АҚШ доллары болды. Біз инвестиция саласындағы ынтымақтастығымыздың әлеуетін мұнан ары да барынша пайдаланбақпыз. Ол үшін бізде қажетті барлық тетіктер бар», - деді Қазақстан Елшісі.
null

Айта кетейік, Берлин еуразиялық клубы 2012 жылы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаев пен Германияның бұрынғы вице-канцлері, Сыртқы істер министрі Х-Д.Геншердің бастамасымен құрылған болатын. Осы уақытқа дейін клуб отырыстары кезек-кезегімен елорда, Брюссель және Берлин қалаларында өткен.

null

Соңғы жаңалықтар