Қазақстан мен ЭЫҰ елдері арасындағы тауар айналымы 34,8 пайызға өсті

None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - 2022 жылдың 11 айында Қазақстан мен Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше елдер арасындағы өзара сауда 34,8%-ға өсіп, 8,5 млрд долларды құрады. Бұл туралы Ташкентте өтіп жатқан ЭЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 26-шы отырысы аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министр Ұйымға кірген сәттен бастап ЭЫҰ-мен ынтымақтастық Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі басымдықтарының бірі болғанын атап өтті. ЭҰЫ және оның бастамалары 30 жылдан астам уақыт бойы Қазақстанға үнемі қолдау көрсетіп келеді.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы ЭЫҰ-ның барлық дерлік елдері – Өзбекстан, Әзербайжан, Иран, Қырғызстан, Түрікменстан және Түркияға мемлекеттік және ресми сапарлармен барып,онда нақты келісімдерге қол жеткізілді. Бүгін біз 2021 жылы Қазақстан мен ЭЫҰ елдері арасындағы тауар айналымы 37,1%-ға (2020 жылы – 5,6 млрд доллар, 2021 жылы – 7,6 млрд доллар) өскенін қуана хабарлаймыз. 2022 жылдың 11 айында өзара сауда көрсеткіштері де 34,8%-ға өсіп, 8,5 млрд долларды құрады», - деді М.Тілеуберді.

Осы тұрғыда СІМ басшысы Қазақстан ЭЫҰ-ның көлік-логистикалық құрамдас бөлігінің маңыздылығын үнемі атап өткенін еске салды. Оның айтуынша, жүктерді тасымалдауға да, шығыстан батысқа жолаушыларды тасымалдауға да қолайлы ЭЫҰ-ның бірегей географиялық артықшылықтарын тиімді пайдалану ЭҰЫ елдері экономикасының дамуына айтарлықтай серпін бере алады.

«Болашағы зор бағыттардың бірі – Солтүстік-Оңтүстік дәлізі, оның шығыс тармағы Қазақстан-Түрікменстан-Иран темір жолының учаскесі. 2022 жылы бұл бағыт бойынша 130 мың тоннаға жуық жүк тасымалданды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 10 есе көп. Бұл дәлізді мақсатты және дәйекті дамыту арқылы өткізу қабілетін жылына 10 млн тоннаға дейін арттыруға болады», - деді спикер.

Министр өз сөзінде Қазақстан ЭЫҰ-ға мүше көптеген мемлекеттер сияқты Ауғанстандағы жағдайға алаңдайтынын және әлемдік қауымдастықтың осы елдегі жағдайды тұрақтандыруға күш-жігеріне мүмкіндігінше үлес қосып жатқанын атап өтті.

«Біз ауған халқына тұрақты түрде гуманитарлық көмек көрсетіп келеміз, ауған жастарын Қазақстанның оқу орындарында оқыту бойынша ұлттық және халықаралық бағдарламаларды жүзеге асырамыз. Ауғанстан халықаралық қауымдастықтың одан әрі қолдауын қажет ететіні анық. Біз Ауғанстан басшылығымен гуманитарлық және сауда салаларында ынтымақтастықты жалғастыру маңызды деп санаймыз», - деді М.Тілеуберді.


Соңғы жаңалықтар