Қазақстан мен Еуропалық Одақ халықаралық көлік дәліздерін дамыту мәселесін талқылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан мен ЕО елдері арасындағы сауда көлемі 42 пайызға өсті. Бұл туралы Ақордада ЕО-ның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі–Жозеп Боррельдің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары–Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда Еуропалық Одақтың Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициясының жалпы көлемі 160 млрд долларды құрап, еліміздің ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі болып отыр. Тек осы жылы (соңғы 9 айда) Қазақстан мен ЕО елдері арасындағы сауда көлемі 42 пайызға ұлғайып, 30 млрд долларды құрады. Өткен айда Қазақстанның Үкіметі және ірі еуропалық Svevind компаниясы арасында Маңғыстау облысында «жасыл» сутекті өндіру және тарату орталығын құру жөнінде маңызды келісімге қол қойылды», - деді М. Тілеуберді.

Сонымен қатар министр Жозеп Боррельмен келіссөз барысында Еуропалық Одақ санкцияларының Қазақстан экономикасына жанама теріс әсерін болдырмау мәселесіне ерекше назар аударылғанын атап өтті.

«Біз ауыл шаруашылығы, цифрландыру, көлік пен логистика және басқа да салалардағы ынтымақтастықты тереңдетуге, «жасыл» экономикаға көшуге, энергия тиімділігін арттыруға назар аудара отырып, сауда-экономикалық саладағы қарым-қатынасты одан әрі әртараптандыруға мүдделіміз. Біз осы және басқа мәселелерді тек екіжақты бағытта ғана емес, өңірлік форматта да қарастыруды маңызды деп санаймыз. Еліміз Орталық Азия және Еуроодақ арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Осы себептен Мемлекет басшысы Астанада Орталық Азия–Еуроодақ көшбасшыларының алғашқы кездесуін өткізуге бастамашылық етіп, оның қорытындысы бойынша барлық тараптар осындай іс-шараларды тұрақты негізде өткізу туралы шешім қабылдады», - деді ҚР Сыртқы істер министрі.

М. Тілеуберді Ж. Боррельмен келіссөз барысында қазіргі геосаяси жағдайды ескере отырып, тауарларды жеткізудің жаһандық тізбегін қамтамасыз ету үшін халықаралық көлік дәліздерін дамытудың маңыздылығы талқыланғанын жеткізді.

«Соның ішінде Еуропалық Одақтың «Транскаспий халықаралық көлік бағытын» дамытуды қолдау жолдарын талқыладық. Сонымен қатар, өзекті өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасу болды. Бұл ретте, Украинадағы қақтығысты, Сириядағы, Ауғанстандағы жағдайды, сондай-ақ Орталық Азия өңіріндегі климаттың өзгеруі, қауіпсіздік және орнықты даму мәселелерін қоса алғанда, әлемдегі қазіргі ахуал талқыланды. Қорытындылай келе, Жоғары мәртебелі Боррелль мырзаға бірлескен жемісті жұмыс пен ашық диалог үшін алғыс айтқым келеді», - деді ҚР Сыртқы істер министрі.
Еске салсақ, Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррель Қазақстанға сапары қарсаңында ҚазАқпараттың меншікті тілшісіне эксклюзив сұхбат берді.

Соңғы жаңалықтар