Қазақстан мен ЕО: Сауда және визалық режимді жеңілдету, инвестициялық әлеуетті арттыру

None
Photo: Getty Images
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қатынас тұрақты түрде дамып келеді. Бүгінде ЕО еліміздің ең ірі сауда және инвестициялық серіктесіне айналды. Мәселен, қазақстандық сыртқы сауданың және шетелдік инвестициялардың 30%-дан астамы ЕуроОдақтың үлесіне тиесілі екені белгілі. Статистикаға назар аударсақ, 2022 жылы тараптар арасындағы тауар айналымы 39,9 млрд АҚШ долларын құраған, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 38%-ға көп. Экспорт пен импорт көлемі де айтарлықтай артты.

Қазіргі таңда Еуропалық Одақпен байланыс одан сайын күшейіп, экономика, сауда, логистика саласындағы әріптестік жаңа деңгейге шығып отыр. ҚазАқпарат сарапшысы соңғы жылдары екіжақты қарым-қатынасты нығайту үшін қандай келісімдер болды, қай салаларда байланыс артып отыр, сондай-ақ Еуропалық Одақ – Орталық Азия экономикалық форумында қандай мәселелер көтерілгені жайлы материал әзірлеген еді.

ЕО – Қазақстанның негізгі сауда серіктесі

Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы қарым-қатынас 30 жыл бойы дамып келеді. Осы уақыт ішінде тараптар барлық бағытта тиімді серіктестік орната алды. Бұл Қазақстан мен ЕО елдерінің, сондай-ақ бүкіл Орталық Азия өңірінің экономикасына оң әсер етеді. Айта кетейік, Қазақстанның сыртқы саудасының және шетелдік инвестицияларының 30%-дан астамы ЕО елдерінің үлесіне тиіп отыр.

Фото: istockphoto

Еуропалық одақ – Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық әріптесі. Қазақстан мен ЕО арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастардың серпіні жыл сайын артып келеді. ЕО-ның үлесіне қазақстандық сыртқы сауданың және шетелдік инвестициялардың 30%-дан астамы тиесілі. 2022 жылдың қорытындысы бойынша, тараптар арасындағы тауар айналымы 39,9 млрд АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 38%-ға жоғары. Экспорт 32,3 млрд АҚШ долларын құрады, импорт – 7,6 млрд АҚШ доллары.


Қазақстан мен ЕО сауданы жеңілдетуге бет бұрды

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан мен ЕО арасындағы тауар айналымының деңгейін едәуір арттыруға Еуропалық Одақ пен Қазақстан Республикасы арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім оң әсерін тигізген. Ол құжатқа 2015 жылы қол қойылды және 2020 жылғы 1 наурызда күшіне енді. Келісімге сәйкес, тараптар бір-біріне сауданың барлық саласында ең қолайлы мүмкіндік ұсынады.

Ал өткен жыл серіктестер ынтымақтастығы үшін табысты жыл болды. 2022 жылдың қазан айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Еуропалық Кеңес Президентінің алғашқы кездесуі өтті. Бұл іс-шара бүкіл аймақтың Еуропалық одақпен қарым-қатынасын дамытуда маңызды болды. Сөйтіп, Қазақстан мен ЕО арасында өзара іс-қимылдың жаңа кезеңі басталды. Бұл жаңа салаларда ынтымақтастықтың басталуымен ерекшеленді.

Фото: istockphoto

Мәселен, Қазақстанда жел-күн электр станцияларын орнату және 3 млн тонна жасыл сутегін өндіру (Еуропалық Одақтың жасыл сутегіге деген қажеттілігінің бестен бір бөлігі) бойынша компаниямен маңызды келісімге қол қойылды. Сондай-ақ 2022 жылдың қараша айында ЕуроОдақтың бастамасымен Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов пен Еуропалық Комиссияның Президенті Урсула фон дер Лейен ҚР мен ЕО арасындағы тұрақты шикізат, батареялар мен «жасыл сутектің» құны 50 млрд еуроға жуық болатын тізбектер саласындағы стратегиялық әріптестік туралы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды. Құжат Қазақстанның ЕО өнеркәсіптік альянстарымен қаржылық және технологиялық ынтымақтастығын орнатуына жағдай жасайды.

Фото: elements.envato.com

Серіктестердің ынтымақтастығы келешекте қалай дамиды?

Жалпы тараптар сауда-экономикалық қарым-қатынастарды жақсарту бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. 2023 жылдың 1 сәуірінен бастап Қазақстанда тауарларды онлайн бақылау жүйесі іске қосылды. Бұл жүйе арқылы электронды жүкқұжаттар мен жүктерді бақылау онлайн режимінде жүзеге асырылады. Онлайн бақылау Ресеймен және ЕАЭО елдерімен көлеңкелі сауданы азайту, сондай-ақ салық шығындарын жою мақсатында іске қосылды. Сондай-ақ бір күн бұрын Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Еуропалық Одақтың қазақстандықтар үшін визалық режимді жеңілдетуге дайын екені туралы хабарлады.

18-19 мамырда Алматыда «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» экономикалық форумы өткен болатын. Бұл тараптар арасындағы алдыңғы кездесулер мен уағдаластықтардың жалғасы болды. Осы форум барысында Еуропалық Одақ пен Қазақстан қаржылық келісімге қол қойды. Құжатта ЕО және Қазақстан арасындағы 2023-2024 жылдарға арналған шикізат, аккумуляторлық батареялар және жасыл сутектің тұрақты құн тізбектері қаралған. Осы Қаржылық келісім аясында ЕО 9 миллион еуро бөледі. Айта кетейік, стратегиялық әріптестіктің Жол картасымен алмасу рәсімін ҚР Премьер Министрі Әлихан Смайылов пен Еуропалық комиссияның вице-президенті Валдис Домбровскис өткізді.

Фото: primeminister.kz

«Бізде екіжақты ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Қазақстан – стратегиялық серіктес. Біз бұдан да қарқынды ынтымақтастықта жұмыс істегіміз келеді, бұл экономикаға да, саудаға да қатысты. Қазір ЕО пен Қазақстан арасында екіжақты келісімдер жасалды. Бұл атмосфераға көмірқышқыл газының шығарылу деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді», - деді Еуропалық комиссияның вице-президенті Валдис Домбровскис.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов форум барысында сындарлы диалог жүргізген серіктестер арасындағы ағымдағы қарым-қатынастардың ең өзекті мәселелерін атап өтті.

«Сауда саттық өндірісі және жасыл энергетика салаларында бірлескен жобаларды іске асыру мақсатында пікір алмастық. Тауарларды жеткізудің жаһандық тізбегін қамтамасыз ету үшін халықаралық көлік маршурттарын дамытудың маңызы зор. Бұл ретте, Еуропалық Одақтың «Транскаспий» халықаралық көлік бағытын дамыту шараларын қадағаладық. Былтыр қараша айында ЕО комиссия президентімен стратегиялық әріптестік меморандумына қол қойғанбыз. Осы меморандум шеңберінде аса маңызды шикізат түрлері, аккумулятор батареялары және жасыл сутектің тұрақты құн тізбектері қарастырылған. Бұдан бөлек, Еуропалық Одақ тұрақты экономикалық өсімді және құқық үстемдігін қамтамасыз ету мақсатында 9 млн еуро бөледі»,- деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Транскаспий халықаралық көлік бағытының белсенді дамуы туралы айтты. Оның сөзінше, Қазақстан аумағы арқылы Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау мерзімі екі есе – 12-ден 6 күнге азайған.

«Біз Транскаспий бағыты бойынша былтыр Ақтауда өткен министрлердің соңғы кездесуінің нәтижелерін жоғары бағалаймыз. Нәтижесінде Қазақстан, Түркия және Грузия осы дәлізді дамытудың Жол картасын жасады. Бірлескен күш-жігердің арқасында Қытайдан Еуропаға транзиттік жүктердің өту уақыты кем дегенде үш есеге, яғни 53 күннен 19-23 күнге дейін азайды. Республика аумағы бойынша транзиттік жүктердің өту мерзімі 12 күннен 6 күнге дейін қысқарды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 5 күнге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз», – деді Әлихан Смайылов.

Транскаспий халықаралық көлік бағыты – Қытай, Қазақстан, Каспий теңізі акваториясы, Әзербайжан, Грузия арқылы және одан әрі Түркия мен Еуропа елдеріне өтетін халықаралық көлік дәлізі.

Айта кетейік, Премьер-Министр сауда ынтымақтастығын кеңейту тұрғысынан Қазақстан ЕО елдеріне машина жасау, темір және болат өндіру, тамақ өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы сияқты салаларда жылына 2,3 миллиард доллардан асатын өңделген өнімнің 175-тен астам түрін ұсына алатынын айтып өтті.

Сонымен қатар форумда бизнес-қауымдастыққа Орталық Азияның дәліздеріндегі трансшекаралық формальдылықтарды толық шолумен қамтамасыз ететін Info Trade Central Asia Gateway аймақтық сауданы жеңілдету порталының ресми іске қосылуы болды.

Фото: gov.kz

Қазақстанда 100 мың білікті IT-маман даярлау жоспары

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, соңғы онжылдықта Еуропалық Одақ Орталық Азияға 120 млрд-тан астам инвестиция салған, оның 70%-ы Қазақстанға тиесілі.


«Еуропалық одақ – Орталық Азия» екінші экономикалық форумы аясында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Еуропаның IT университеттерін Қазақстанға шақырды. Ол өз сөзінде Қазақстан 2025 жылға қарай кем дегенде 100 мың жоғары білікті IT-маман даярлауды жоспарлап отырғанын айтып, цифрландыру экономиканы дамытудың негізгі драйвері екенін атап өтті. Осы орайда, Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналуды көздеп, өз алдына осындай стратегиялық мақсат қойғанын жеткізді.

«Былтыр еліміз Үкіметтер дамуының БҰҰ индексінде 28-орынға ие болды. Бұл – өңірдегі және ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Қазақстанда цифрлық трансформацияны дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Біз банк жүйесін құрдық. Цифрлық коммерция да қарқынды дамып келеді», - деді Үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов Microsoft корпорациясы Қазақстанда орналасатын мультиаймақтық хаб ашуға дайын екенін жеткізді. Ол Орталық Азия елдерінен бөлек, Әзербайжан, Армения, Грузия және Пәкістан елдерін де қамтитын болады.

«Осы тұрғыда Қазақстан «Global Gateway», «Team Europe» жобаларына және Еуропалық одақтың Орталық Азиямен цифрлық байланыс жөніндегі бастамасына белсенді қатысуға дайын. Қазақстан қазірдің өзінде еуропалық спутниктік компанияларға аймақтық хаб құру үшін алаң ұсынды. 2025 жылға қарай біз кем дегенде 100 мың білікті IT-маманын дайындауды жоспарлап отырмыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, еуропалық IT университеттерін Қазақстанда өз филиалдарын ашуға шақырамын. Осылайша, Astana Hub технопаркі белсенді аймақ ретінде ыңғайлы алаңға айнала алады», - деді Әлихан Смайылов.

Фото: e-cis.info

Қазақстанның Еуропалық жоғары білім кеңістігіне қосқан үлесі

23 мамырда Астанада Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комитеттің 20-отырысы өтті. Отырыс Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың және Еуропалық сыртқы байланыстар қызметінің Еуропа және Орталық Азия бойынша басқарушы директорының орынбасары Люк Девиннің төрағалығымен өтті. Жиында ЕО және Қазақстанның азаматтық қоғам мен адам құқықтарын қолдау жөніндегі бағдарламалары жайлы сөз болды. Соның ішінде Қазақстанның Эразмус+ бағдарламасына (2021-2027 жылдары) қатысуы талқыланып, ЕО тарапы қазақстандық студенттердің жақсы көрсеткішін ерекше атап өтті. Эразмус Мундус бірлескен магистратура бағдарламасы бойынша шәкіртақы жеңіп алған студенттердің саны 2022 жылы рекордтық көрсеткішке жетті (59 жеңімпаз болды).

Қазақстанның Еуропалық Одақтың ғылыми-зерттеу және инновациялар жөніндегі бұрынғы негіздемелік бағдарламаларына қатысу тәжірибесіне сүйене отырып, ЕО Қазақстанды еуропалық әріптестерімен серіктестікте «Horizon Europe», соның ішінде Мари Склодовская-Кюри ғылыми ұтқырлық бағдарламасына қатысуға шақырды. Сонымен қатар ЕО Қазақстанның Еуропалық жоғары білім кеңістігіне қосқан үлесін және оның Орталық Азиядағы жоғары білім кеңістігін құру арқылы осы рөлді кеңейту жөніндегі міндеттемесін құптады.

Сондай-ақ Ынтымақтастық комитеті отырысының қатысушылары ЕО-Орталық Азия өңірлік ынтымақтастығын, оның ішінде сауда, білім беру, су және қоршаған орта, заң үстемдігі, қауіпсіздік, терроризмге қарсы күрес, есірткінің заңсыз айналымымен күрес және шекараны басқару салаларындағы ынтымақтастықты талқылады.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан мен ЕО меморандумға қол қоюмен шектелмей, кейінгі кезеңге арналған инвестиция, нақты қаржылық келісімдер арқылы ынтымақтастықты нығайтуды басты мақсат етіп отыр. Бұл ретте, Қазақстан өзінің экономикалық көрсеткіштерін жақсартады және шетелдік инвесторлар есебінен жаңа құзыреттерді дамытпақ.


Соңғы жаңалықтар