Қазақстан мен ЕО-ның қарым-қатынасы өте жоғары деңгейде - Тери Хакала

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Тери Хакаламен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл менің арнайы өкіл ретіндегі алғашқы ресми сапарым. Осыған дейін дипломат ретінде Қазақстанда болған едім. Менің осы жолғы сапарым екі күнге жалғасты. Кеше Қазақстан Президентімен кездестім. Сонымен қатар, Сенатта да кездесулер өтті», - деді Тери Хакала ҚР Сыртқы істер министрімен өткен пікіралмасудан кейін тілшілердің сұрақтарына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, алдағы уақытта Үкімет мүшелерімен, тілшілермен, сондай-ақ ЕО дипломатиялық корпусының өкілдерімен кездесу өтеді.

Тери Хакала Қазақстан мен ЕО-ның қарым-қатынасы өте қарқынды екенін айта келе, Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық жөніндегі келісім бекітілгенін еске салды.

«Қарым-қатынас саласында коронавирус біршама кедергі келтіріп отыр. Алайда тиісті қадамдарды іске асырып келеміз. Бізде өте жақсы өзара диалог орнаған, осы орайда көптеген тақырыпты емін-еркін талқылап отырмыз. Жалпы, ашық диалог бар», - деді ол.

Бұдан бөлек ол Ауғанстандағы жағдайға қатысты пікір білдірді.

«Қазіргі уақытта Ауғанстаннан қызметкерлерімізді эвакуациялаумен айналысып жатырмыз. Бұл өз кезегінде ұзақ процесс десек болады. Әзірге, ондағы жағдайға нақты баға беру ертерек. ЕО ол жерде гуманитарлық көмек және адам құқықтары туралы халықаралық заңнама сақталып, осыған дейін Ауғанстан халықаралық деңгейде өзіне алған міндеттемелер орындалады деген үмітте. Бұл тұрғыда ондағы жағдай тұрақты болып, саяси шешім жасалғаны өте маңызды», - деді Тери Хакала.

Бұған дейін хабарланғандай, 19 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров ЕО-ның Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Тери Хакаланы қабылдаған болатын.


Соңғы жаңалықтар