Қазақстан мен Бразилия арасында техникалық ынтымақтастық туралы Үкіметаралық келісімге қол қою қарастырылуда

None
None
АСТАНА. Қазанның 2-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қазақстан мен Бразилия арасында техникалық ынтымақтастық туралы Үкіметаралық келісімге қол қою қарастырылып отыр.

Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан қазақстандық-бразилиялық бизнес форумы барысында ҚР Индустрия және сауда вице-министрі Ерхат Есқалиев мәлім етті, деп хабарлайды  ҚазАқпарат.

 «Әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан Қазақстанда экономикалық өсім байқалуда», деді вице-министр. Осы орайда ол экономиканы әртараптандыру, шикізаттық емес секторды одан әрі дамыту жұмыстары жалғасып жатқанын айтып өтті. 5 жылдың ішінде дамытылатын 10 басым сектор айқындалғанына тоқталған ол, 2008 жылы Қазақстанда нақты ІЖӨ 114 млрд. АҚШ долларын құрағандығын жеткізді.

Оның айтуынша, Қазақстан экономикасына 100 млрд. АҚШ долларына жуық тікелей инвестиция тартылды. Дағдарысқа қарамастан бұл оң үрдіс әлі де сақталуда. «Біз екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға ниеттіміз», деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, 2008 жылы Қазақстан мен Бразилия арасында сыртқы тауар айналымы 274 млн. АҚШ долларын құрады. Оның ішінде еліміздің экспорты 26,6 млн. АҚШ долларын, ал импорт 248 млн. АҚШ долларына жеткен. Осы бағыттағы еліміздің экспорттық әлеуетін арттыру керектігін жеткізген ол, «Осы орайда аталған форумның мүмкіндіктері бұл көрсеткіштерді жоғалтпауға негізделіп отыр», деді.

Е. Есқалиев авиация, ғарыш, көлік, денсаулық сақтау, минералды тыңайтқыштар экспортында, жоғары технологиялар, машина құрылысы мен жеңіл өнеркәсіпте ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері мол екенін атап өтті.

Вице-министр Қазақстан мен Бразилия арасында инвестицияны өзара қорғау және ынталандыру жөніндегі, сондай-ақ базалық-технологиялық ынтымақтастық туралы Үкіметаралық келісімге қол қою қарастырылып отырғанын айтып өтті.

Соңғы жаңалықтар