Қазақстан мен Болгария сотталғандарды беру туралы келісімге келді

None
None
СОФИЯ. ҚазАқпарат - Бүгін София (Болгария) қаласына жұмыс сапары барысында ҚР Бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетов Болгарияның Бас прокуроры Сотир Цацаров пен Әділет министрі Данаил Кириловпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бас прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, екі елдің прокурорлары екіжақты құқықтық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және қылмыстыққа қарсы күресте бірлесіп күш салу қажеттілігін талқылаған.

Бас прокурор Ғизат Нұрдаулетов пен Болгарияның Әділет министрі Данаил Кирилов Қазақстан мен Болгарияның Сотталған тұлғаларды беру жөніндегі келісіміне қол қойды.

«Мұндай түрдегі халықаралық келісімдер жасасу Қазақстан Конституциясының 11-бабының талаптарына негізделген, оған сәйкес мемлекет өз азаматтарын одан тыс жерлерде қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепілдік береді», делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылдың қараша айында Қазақстан болгар тарапымен қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету және адамдарды ұстап беру туралы шарт жасасқан болатын.

Болгария Қазақстанмен бірлесіп қылмысқа қарсы күрес, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың негізгі құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы ынтымақтастық үшін барлық қажетті халықаралық-құқықтық база құрған кезекті еуропалық мемлекет болғанын атап өту керек.

Соңғы жаңалықтар