Қазақстан мен Беларусь қатынастары стратегиялық мүдделерге толық сай келеді - Александр Лукашенко

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Беларусь кез келген мәселені ашық әрі еш бүкпесіз талқылайды. Бұл туралы Ақордада Беларусь Президенті Александр Лукашенко Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кеңейтілген құрамдағы кездесу барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан-Беларусь қатынастарының деңгейі бүгінде біздің елдердің стратегиялық мүдделеріне толық сай келеді. Бұл жайында шағын құрамдағы кездесу барысында нақтылаған болатынбыз. Бұл өз кезегінде көп жылдар бойы жүргізілген жұмыстардың нәтижесі деп білеміз. Осы орайда бізге болашаққа маңызды жоспарларды құруға жол ашып отыр», - деді А. Лукашенко.

Беларусь Президенті ресми Минск пен Нұр-Сұлтан арасында барлық деңгейлерде өзара іс-қимылдың оңтайлы тәжірибесі бар екенін атап өтті.

«Бұл ретте өзара сенімнің деңгейіне тоқталсақ, біз кез келген мәселені ашық әрі еш бүкпесіз талқылаймыз. Бүгінгі шағын құрамдағы кездесу барысында экономикалық салада диалогты нығайтуға ерекше екпін қойдық. Қазақстан біздің негізгі сауда серіктесіміз. Үш жылда тауар айналымын екі еседен астам өсірдік», - деді Александр Лукашенко.

Беларусь Президенті екі елдің арасындағы үйлестірілген тауар айналымына қол жеткізу бойынша Қазақстан тарапының ұсынысын қарастыруға дайын екендіктерін жеткізді.

Айта кетейік, Ақордада өтіп жатқан кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тараптар елдер арасындағы сауда көлемін арттыруға мүдделі екенін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар