Қазақстан мен Беларусь бірлесіп Екінші дүниежүзілік соғыс туралы фильм түсірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қазақфильм» мен «Беларусьфильм» бірлесіп «Лето 1941 года» атты тарихи фильм түсірді. Бұл туралы Қазақстандағы Беларусь Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Павел Утюпин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Екінші дүниежүзілік соғыс - Беларусь пен Қазақстанға ортақ қасірет. Тиісінше Жеңіс те - бүкіл КСРО елдеріне ортақ. Өкінішке қарай, Ұлы отан соғысына аттанған әрбір үшінші беларусь оралмады. Соғыс кезінде Беларусь аумағын азат ету жолында күрескен 80-нен астам қазақстандық түрлі дәрежедегі марапатқа ие болды. Ұлы Отан соғысы тақырыбы ортақ болғандықтан Беларусь пен Қазақстан бірлескен жобаларды қолға алып жатыр. Соның бірі - биыл жазда «Қазақфильм» мен «Беларусьфильм» бірлесіп «Лето 1941 года» атты фильм түсірді. Жуырда тұсаукесері өтеді деп жоспарланып отыр», - деді Павел Утюпин елордада басталған Беларусь елінің мәдениет күндері салтанатты шарасы барысында.

Елшінің мәліметінше, аталған фильм қазақстандық партизан Әди Шәріпов туралы болмақ.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда Беларусь республикасының мәдениет күндері басталды.

Мәдениет күндері аясында елорда жұртшылығы Беларусь фильмдерін тегін тамашалай алады.

Одан бөлек, астаналықтар назарына көрме мен мерекелік концерт ұсынылады.


Соңғы жаңалықтар