Қазақстан мен БАӘ арасындағы рейстер саны артты
«Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің авиациялық биліктері арасындағы қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберінде Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 15-17 қаңтардағы БАӘ–ге сапарының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы рейстер саны артуда»,-делінген ҚР ИИДМ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Осылайша, авиатасымалдардың қолжетімділігі және авиабилеттер құнын төмендету мақсатында 22 қаңтардан бастап «Wizz Air Abu Dhabi» лоукост әуе компаниясы Абу-Даби және Алматы қалалары арасындағы рейстер санын аптасына 3-тен 4-ке дейін (сейсенбі, бейсенбі, сенбі және жексенбі) арттырды. Ұшулар Airbus A320/A321 типті әуе кемелерінде орындалады.
Сондай – ақ, «Fly Dubai» әуе компаниясы 26 қаңтардан бастап Дубай – Астана бағыты бойынша рейстер санын аптасына 10-нан 14-ке дейін және 28 қаңтардан бастап Дубай-Алматы бағыты бойынша аптасына 10-нан 14-ке дейін арттыруды жоспарлап отыр. Сондай – ақ, 28 ақпаннан бастап «Fly Dubai» әуе компаниясы аптасына 2 рейс жиілігімен (сәрсенбі, сенбі) Шымкент-Дубай бағыты бойынша рейстерді қайта бастауды жоспарлап отыр. «Fly Dubai» әуе компаниясының ұшулары Б-737 үлгісіндегі әуе кемелерінде орындалады.
Рейстер санының артуы екі ел арасындағы туристік, іскерлік және сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететінін атап өту маңызды.