Қазақстан мен Әзербайжан ықпалдастығын одан ары нығайтуға мол мүмкіндік бар - Тоқаев

None
Фото: t.me/bort_01
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Әзербайжан ықпалдастығын одан ары нығайтуға мол мүмкіндік бар. Бұл туралы Ақордада Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ең алдымен Әзербайжан Президенті құрметті Ильхам Гейдароғлуға менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға арнайы сапармен келгені үшін зор алғыс айтамын. Бұл сапар Сіздің екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан ары нығайтуға ықыласты екеніңізді білдіреді. Мен мұны толық қолдаймын. Қазақстан мен Әзербайдан ежелден достығы берік, бауырлас халықтар. Біздің салт-дәстүріміз, мәдениетіміз, тіліміз бен діліміз ұқсас. Ең бастысы тарихы тамырлас елдеріміздің мақсаты мен мұраты ортақ. Сондықтан бүгінгі сапардың маңызы ерекше», - деді Мемлекет басшысы.

Президент екі ел арасындағы байланыстар өзара сенімге және қолдауға негізделгенін баса айтты.

«Яғни, екіжақты ықпалдастықты одан ары нығайтуға мол мүмкіндік бар. Біз бүгін шағын және кеңейтілген құрамда мазмұнды келіссөз өткіздік. Сауда-экономика, көлік-транзит, энергетика салаларындағы қарым-қатынасты дамыту мәселесін талқыладық. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланысты тереңдетуге қатысты бірқатар келісімге қол жеткіздік. Осы сапардың нәтижелері Қазақстан мен Әзербайжанның қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған дейін Әзербайжанда Қазақстанның мәдениет күндері өтетіні хабарланды.


Соңғы жаңалықтар