Қазақстан мен Әзербайжан туристер алмасу жайын талқылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу барысында Қазақстан мен Әзербайжан туристермен жұмыс бойынша өзара іс-қимылды нығайта түспек. Бұл туралы Инвестициялар және даму министрлігі Туризм индустриясы департаментінің директоры Марат Иғалиев Фейсбуктағы парақшасында жазды.

«Қазақстан Республикасындағы Әзербайжанның Төтенше және Өкілетті елшісі Рашад Мамадовпен кездестім. Екі елдің дамуы және туризм саласындағы өзара іс-қимылы жөніндегі мәселелерді талқыладық. Елшінің айтуынша, Әзербайжанда туризм соңғы жылдары жақсы дамып келеді. 2016 жылдың қаңтар-қыркүйегі аралығында сол елге келген туристер қатары 1,7 млн адамға артқан. Алдыңғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда туристер саны 169 430 адамға, яғни 10,9 пайызға артқан.

Соның ішінде Әзербайжанға БАӘ-ден келетін туристер саны 34 есеге, Ресейден келушілер 7,6%-ға, Қазақстаннан баратындар - 17,2%-ға, ал ирандықтар - 62,9%-ға артқан.

Сондай-ақ, Әзербайжанда 2017 жылы электрондық виза жүйесі енгізілгендігі хабарланды», - деп атап өтті Иғалиев.

Оның айтуынша, ЭКСПО-2017 көрмесіне туристер тарту мәселесі де талқыланған.

«Әзербайжандық тарап Астанаға сапарлаған туристердің кейін өз елдеріне келуіне мүдделілік танытты. Олар өз кезегінде елдеріне келуші туристерде Қазақстанға жіберуді қолға алуға дайын», - деп түсіндірді ол.

Соңғы жаңалықтар