Қазақстан мен Австрия қылмыспен күресте ынтымақтаса әрекет ететін болды

None
None
ВЕНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Бас прокуроры Қайрат Қожамжаров пен Австрияның Федералды әділет министрі Йозеф Мозер өзара келіссөз жүргізіп, бірлескен мәлімдеме қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР СІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған құжатта қылмысқа қарсы күрес саласында өзара іс-қимылды дамытуға ерекше мән берілген. Сондай-ақ Австрия Қазақстанның құқықтық көмек саласында Еуропа Кеңесінің Конвенцияларына қосылу ниетін қолдауға дайын екенін білдірді. Австрия министрінің айтуынша, қол қойылған құжат «Еуропа Одағында Австрияның ағымдағы төрағалығын ескере отырып, ҚР-ның Еуропа Кеңесі бағыты бойынша жасаған маңызды қадамы және құқық саласында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың негізгі тармағы болып табылады».

Екіжақты келіссөз барысында қылмыстық сот төрелігі саласындағы екіжақты келісімдерді дайындау және Қазақстанның Еуропа Кеңесінің Конвенцияларына қосылуын бірге алғанда, құқық саласында өзара іс-қимылды дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Бұл ретте Й.Мозер еліміздің құқық жүйесін реформалаудағы қадамдарын жоғары бағалады. Кездесу және оның қорытындысы бойынша қол қойылған құжат Австрияда «тыныш айлақ» тапқан қылмыскерлерге маңызды ескерту болды.

null Сонымен қатар, Қазақстан делегациясы 2018 жылы 15-19 қазан аралығында БҰҰ Вена бөлімшесінде өтіп жатқан БҰҰ трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясына (ТҰҚК) қатысушы мемлекеттер конференциясының 9-шы сессиясына қатысты.

Сессияда трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресте ұлттық заңнамаларды жаңғырту, өзара құқық көмегі, экстрадициялау, полиция және қадағалаушы органдар арасында ынтымақтастық орнату үшін жаңа құқық нормаларын қабылдау, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің құзыретін арттыруда техникалық жәрдем көрсету және тренингтер өткізу мәселелері қаралды.

Қазақстан делегациясы өз сөзінде, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылы 10 қаңтардағы және 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауларында қойған міндеттерін орындау мақсатында құқық қорғау қызметін жетілдіру, оның тиімділігін арттыру, қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты жүргізіліп жатқан заңнамаларды реформалау бойынша еліміздің жетістіктері туралы хабарлады.

Конференцияға қатысушылар трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бойынша елімізде қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат алды. Сондай-ақ, осы қатерге қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықты жандандырудың маңыздылығы атап өтілді.

 

 

 

 

Анықтама: 2000 жылдың желтоқсанында Палермо қаласында (Италия) трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы БҰҰ Конвенциясына қол қою үшін жоғары деңгейде конференция өтті. Конвенция келесі қауіпті әрекеттерді қылмысқа жатқызады: қылмыстық кірістерді жылыстату, ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу және сот төрелігін жүзеге асыруға кедергі жасау.

Әдетте, Вена қаласында екі жылда бір рет, БҰҰ трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясына қатысушы мемлекеттердің конференциясы өткізіледі және оның барысында қатысушы мемлекеттер ТҰҚК  имплементациялау мәселелерін талқылайды.

Қазақстан Конвенцияға 2008 жылы шілде айында қосылды. 2018 жылдың қыркүйегіне дейін осы құжатқа БҰҰ-ға мүше 189 мемлекет қол қойды.

 

 

Соңғы жаңалықтар