Қазақстан мен Армения төтенше жағдайда бір-біріне көмектесуге уағдаласты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Армения азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдай саласында ынтымақтастық орнатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан мен Армения Үкіметтері арасындағы азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жоюдағы ынтымақтастық келісімін ратификациялау туралы» заң жобасын таныстырды.

Министрдің айтуынша, бұл келісім тараптардың бірінің аумағында төтенше жағдай пайда болғанда көмек көрсету бойынша бірлескен іс-қимылдарды ұйымдастырады.

«Келісімді ратификациялау ең алдымен төтенше жағдайды болжау саласында тәжірибе алмасуға, қауіп төнген және туындаған жағдайда халықты дайындауға септігін тигізеді. Екіншіден, тараптардың оқу орындарында азаматтық қорғау саласында мамандарды оқытуға, үшінші, тараптар аумағында болған төтенше жағдайларды жоюда көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

ҚР Заңнамасы шеңберінде келісімде көмек көрсету мен жедел әрекет ету, құтқару бөлімшелерінің шекараны жеңілдетіп кесіп өту және тараптар аумағында болу шарттары бар. Төтенше жағдайды жоюда құтқару құралдарын алып кіру мәселесі реттелген.

Бұған дейін мұндай келісім Ресеймен, Беларусь, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Украина, Грузия мемлекеттерімен жасалған. Барлығы 17 екіжақты, 13 көпжақты келісімдер бар.

«Келісім шеңберінде армян тарабымен сейсмикалық қауіпсіздікті, оның ішінде жедел хабарлау мен халықты эвакуациялауды арттыру жөнінде тәжірибе алмасу қарастырылған. Мәселен, 1988 жылы Спитак қаласында жер сілкінген соң, Армения Республикасы өздерінің заң жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізді. Заң жобасының кері әсері жоқ және қосымша қаржылай шығынды талап етпейді» - деді Ерлан Тұрғымбаев.

Талқылауға қатысқан 104 депутат аталған заң жобасын мақұлдады және қаулы қабылдады.



Соңғы жаңалықтар