Қазақстан мен Аргентина ынтымақтастықты одан әрі дамыта түспек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Буэнос-Айресте ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев бастаған қазақстандық делегация қазақстандық-аргентиналық Сыртқы істер министрлігі аралық консультациялардың кезекті раундын өткізді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Аргентина тарапын Сыртқы істер министрінің орынбасары Педро Виллагра Дельгадо бастап келді. Тараптар екіжақты қарым-қатынастардың жай-күйі мен оны дамытудың перспективаларын сөз етіп, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша өзара пікір алмасты. Екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға екі тарап та қызығушылық танытты. Олар әсіресе сауда-экономикалық сала бойынша ынтымақтасуға мүдделі. Осыған қарай, екі елдің іскер қоғамдастығы өкілдерінің байланыстарын жетілдіруге күш салу қажеттігі айтылды. Қазақстандықтар экспорттық әлеуеті жоғары тауарлардың тізімін жасап, оларды Қазақстан мен Аргентинаның бизнес ортасына таратуды ұсынды. Сонымен қатар тараптар екі ел арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың әлеуетіне қатысты мәселелерді де сөз етті. Нақтырақ айтқанда онда аэроғарыш саласына қатысты жәйттер сөз болды.

 

Осы күні Е.Ашықбаев Аргентинаның үкімет кабинетінің бірқатар өкілдерімен жүздесті. Саяси ынтымақтастық мәселесі Аргентинаның Сыртқы істер министрі Сусана Малькоррамен болған кездесуінде қозғалды.

Аргаентина Сыртқы істер министрі Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігі кезінде қолға алатын басымдықтарынан хабардар етілді. Қазақстандық дипломат Аргентинамен қауіпсіздік, ядролық қаруды таратпау мен қарусыздану сияқты мәселелер аясында екіжақты өзара серіктестіктің жалғасатындығына сенім білдірді. Аргентинаның БАҚ және қоғамдық пікір министрі және осы елдің ЭКСПО бойынша комиссары Эрнан Ломбардимен кездесуінде Аргентинаның көрмеге қатысу мәселесі сөз болды.

Министр Аргентинаның ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы қазақстандық-аргентиналық қарым-қатынастарды іскерлік ынтымақтастық, энергетикалық диалог пен мәдени алмасулар сияқты кең ауқымды мәселелер бойынша дамытуға ықпал етуі тиіс екендігін атап өтті.

     

Аргентинаның Энергетика министрінің орынбасары Даниэль Редондомен кездесу барысында тараптар жаңғыртылатын энергияны дамыту мен осы саладағы ұлттық жоспарлар бойынша өзара пікір алмасты. Е.Ашықбаев атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша ынтымақтастықты дамытудың болашағы туралы айтып, аргентиналық тарап пайдалана алуы мүмкін қазақстандық атом индустриясының бай зерттеушілік әлеуетіне назар аударды. Өз кезегінде Д.Редондо Астанада ЭКСПО көрмесі аясында ұйымдастырылғалы отырған тұрақты дамуға арналған энергетика бойынша өтетін 8-ші халықаралық форум аясында болатын Министрліктер конференциясына қызығушылық танытты.

Жалпы алғанда Аргентинада өткен келіссөздер мен Сыртқы істер министрліктері аралық консультациялар қазақстандық-аргентиналық серіктестікті одан әрі дамыту үшін айтарлықтай әлеуеттің бар екендігін көрсетті. 

Соңғы жаңалықтар