Қазақстан мен Албания сауда байланыстарын нығайтуға ниетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов пен Албания Сыртқы істер министрі Дитмир Бушатидің қатысуымен келіссөздер өтті. Оның аясында министрлер екі елдің ведомстволары арасында ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сонымен қатар бүгінгі келіссөздерден кейін Қазақстан Сыртқы сауда палатасы мен Албанияның Тирана қаласы Сауда-өнеркәсіптік палатасы арасында өзара түсіністік меморандумы бекітілді.

«Бүгін біздің сауда палаталарымыз арасында өте маңызды құжатқа қол қойылды. Бұл құжатты тәжірибе жүзінде іске асырудың мүмкіндігі зор, яғни екі елдің іскер топтары арасындағы ынтымақтастық үшін жақсы перспективаларды аша аламыз», - деді ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов.

Сонымен қатар министр екі ел бірқатар салаларда қарым-қатынасты нығайтуға ниетті екенін атап өтті.

«Бүгінгі екіжақты келіссөздер барысында байланыстарды дамытуға қатысты бірқатар мәселелерді талқыладық. Атап айтқанда, біз сауда-экономикалық әрі инвестициялық бағыттарда ынтымақтастықты нығайтуға қатысты бірқатар басымдықтарды айқындадық. Осы орайда біздің байланыстарымызды қажет ететін салалар аз емес. Сондықтан құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы, логистика, энергетика бағыттарын қарастырдық», - деді Қ. Әбдірахманов.

Өз кезегінде Дитмир Бушати де қол қойылған құжаттар екі ел кәсіпкерлерінің ынтымақтастығы үшін жаңа мүмкіндіктер ашатындығымен келісті.

«Біз ауыл шаруашылығы, туризм, көлік, мәдениет салаларында қарым-қатынастарды нығайтуға мүдделіміз. Сондықтан біздің делегация құрамындағы өкілдер осы мақсатты көздеп келді. Бұл тұрғыда сауда палаталары арасындағы меморандум аясында тиісті жұмыстарды ілгерілетуге ниеттіміз», - деді Д. Бушати.

Соңғы жаңалықтар