Қазақстан мен АҚШ: қай салаларда ынтымақтастық артады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа сапарында америкалық трансұлттық компаниялардың және ірі қаржы институттарының басшыларымен кездесті. АҚШ-тың Қазақстан экономикасындағы негізгі инвесторлардың үштігіне кіретінін ескерсек, бұл кездесулердің маңызды екені айтпаса да түсінікті.

Биыл екі ел арасындағы тауар айналымы 1,5 млрд долларды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36,6%-ға көп. Демек жыл сайын экономика, экспорт, импорт, бизнес саласындағы байланыс нығайып келеді. Осы тұста, Мемлекет басшысының Америкаға сапарының маңызы, америкалық алпауыт компаниялардың отандық экономикадағы орны, импорт, экспорт, оған қоса Президенттің сапары барысында қандай мәселелер көтеріліп, қандай меморандумдарға қол қойылғаны жөнінде материал дайындауды жөн санадық

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясына қатысу үшін Нью-Йоркке жұмыс сапарымен барды. Кеше, яғни 19 қыркүйекте ол әлемдік қаржы институттарының, соның ішінде JPMorgan Chase & Co., Citi, Goldman Sachs, NASDAQ және т.б. басшыларымен кездесу өткізді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Boeing, Exxon Mobil, General Electrics, Microsoft сынды трансұлттық компаниялардың басшыларымен, сондай-ақ сарапшылық топтардың өкілдерімен де кездесті.

АҚШ - Қазақстан экономикасына инвестиция салып отырған ТОП-3 елдің бірі

Экономикалық зерттеулер институтының мәліметінше, 2005 жылдан бастап АҚШ-тан тартылған тікелей шетел инвестициясының жалпы көлемі 48,8 млрд долларды құрады. Бұл - Қазақстанға тартылған барлық шетелдік инвестицияның шамамен 13,5%-ы.

Жалпы америкалық инвесторлар тау-кен өндіру секторына көбірек қызығушылық танытады. Еліміздің тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі барлық тікелей шетел инвестициясының шамамен 30%-ы америкалықтарға тиесілі.

Сонымен қоса АҚШ-тан тікелей инвестициялар қаржы және сақтандыру қызметінде (үлесі 6,6%) және геологиялық барлау (9,8%) саласында бар.

2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, елімізде америкалық капиталдың қатысуымен 695 кәсіпорын тіркелген. Атап айтсақ, оның 658-і - шағын, 15-і - орта және 22-сі - ірі кәсіпорындар.

Қазақстандық-америкалық 168 кәсіпорын көтерме-бөлшек саудада, 181 компания өзге қызмет түрлерінде, ал 83 компания кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте шоғырланған. Өңдеу өнеркәсібінде барлығы 36 америкалық кәсіпорын бар.

АҚШ-қа экспорт 77,2%-ға, импорт 11,4%-ға өсті

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2022 жылғы қаңтар мен шілде аралығында Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 1,5 млрд долларды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (1,1 млрд доллар) 36,6%-ға көп.

Ал Қазақстаннан АҚШ-қа экспорт 2022 жылғы қаңтар-шілдеде 77,2%-ға өсіп, 769,2 млн долларды құраған. Америка Құрама Штаттарына экспорттың өсуі шикі мұнай, ферроқорытпа сияқты тауарларды жеткізу көлемінің артуына байланысты болып отыр.

Қазақстаннан АҚШ-қа негізгі экспорттық тауарлар қатарында шикі мұнай (460,6 млн доллар), ферроқорытпалар (205,8 млн доллар), сублимацияланған, тұндырылған немесе коллоидты күкірттен басқа күкірт (21 млн доллар) сутегі, инертті газдар және басқа да бейметалдар (16,7 млн доллар), қара металдардан жасалған құбырлар, түтіктер және жіксіз профильдер (14 млн доллар) және тантал мен одан жасалған бұйымдар (13 млн доллар) бар.

Ал биылғы қаңтар-шілдеде Қазақстанға АҚШ-тан импортталған тауар көлемі 11,4%-ға өсіп, 778,3 млн долларды құраған.

Америка Құрама Штаттарынан импорт көлемі белгілі бір тауарлар көлемінің көбеюімен байланысты. Атап айтсақ, ауа немесе вакуумдық сорғылар, компрессорлар мен желдеткіштер – 5,9 есе, бөлшек сауда үшін өлшеніп салынған дәрілік заттар - 83,6%-ға, жүк көліктері – 2,9 есе, вакциналар, қан сарысулары, қан – 53,8%-ға, жылжымалы құрамның бөліктері - 2,7 есе, ет пен құс етінің қосымша өнімдері – 26,2%-ға дейін артуымен байланысты болып отыр.

Ал Қазақстанға АҚШ-тан әкелінетін негізгі импортттық тауарлар қатарында жеңіл автокөлік (70,1 млн доллар), құс еті және оның қосымша өнімдері (41,9 млн доллар), бөлшек сауда үшін өлшеніп салынған дәрілік заттар (39 млн доллар), вакциналар, қан сарысулары, қан (38,3 млн доллар), ауа немесе вакуумдық сорғылар, компрессорлар мен желдеткіштер (36,8 млн доллар), жүк көліктері (25,5 млн доллар), іштен жанатын қозғалтқыштар (22,2 млн доллар), турбореактивті және турбовинтті қозғалтқыштар, басқа газ турбиналары (22,1 млн доллар) бар.

АҚШ инвесторларымен бірлесіп сегіз жоба жүзеге асырылады

Президенттің осы сапары барысында АҚШ инвесторлары 320 миллиард теңгенің жобаларын жүзеге асыруға көмектесетіні белгілі болды. Жалпы АҚШ инвесторларымен бірлесіп сегіз жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде, 3,3 мыңға жуық қазақстандықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік бермек.

Аталған жобалар 2022-2027 жылдар аралығында Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында жүзеге асырылатын болады.

«АҚШ-қа сапар сауда-экономикалық қатынастарды нығайту тұрғысынан маңызды»

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері Бекжан Садықов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары сауда-экономикалық қатынастарды нығайту тұрғысынан маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, экономикалық ынтымақтастық Қазақстанның артықшылығы бар салаларының әлеуетін ашады.

«Бизнес өкілдерімен жаһандық деңгейде ұсынылған бірқатар кездесулер өткізілді. Бұл компаниялардың тәсілдері жаһандық экономикалық сын-қатерлерге жауап іздеуге бағыттауға көмектеседі. Оған қоса IT-саласындағы әріптестік перспективаларына көп көңіл бөлінді. Еліміз технологияларға негізделген экономиканың инновациялық бағыттарын қалыптастырудағы жетекші технологиялық елдің тәжірибесіне қызығушылық танытады. Бүгінгі таңда экономиканың жаңа салалары үшін негіз болып табылатын технологиялық үрдістерге сәйкес болу маңызды. Қазақстан көшбасшы экономикалық аймақ ретінде көптеген америкалық компанияның бізде жұмыс істеуіне мүмкіндік бере алады. Сондай-ақ біздің еліміз олардың көрші нарықтарға шығуын қамтамасыз ете алады»,-деді қаржы маманы.

Сонымен бірге ол елімізде адам капиталы жүйелі түрде ұлғайып келетінін, инвесторлық пен кәсіпкерлікті жүргізу үшін жақсы жағдайлар жасалып жатқанын, сондықтан да бизнесті дамытуда кластерлік және салааралық тәсілді қолдану үшін мүмкіндік барын да тілге тиек етті.

Қазақстан мен АҚШ-тың қай салаларда ынтымақтастық әлеуеті бар?

Бұдан бөлек қаржы маманы Расул Рысмамбетов АҚШ пен Қазақстан бірлесіп жұмыс істейтін салаларға тоқталып өтті. Оның айтуынша, көрші Ресейден кетіп жатқан америкалық компанияларды өзімізге тартуымыз қажет.

«Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары барысында бірінші кезекте энергетикалық компаниялармен ынтымақтастық дамыту туралы сөз болып отыр. Екіншіден, бірқатар америкалық компания Ресей нарығынан кетіп жатыр. Менің ойымша, келесі жылы АҚШ өнеркәсіптері мен трансұлттық корпорациялар, міндетті түрде америкалық болмаса да, Америка инвесторлары бар компаниялар Ресейден кетеді. Біз оларды өзімізге тартып, қызықтырсақ, жақсы болар еді»,-деді экономист.

Оның айтуынша, бұл мақсатта Қазақстанда көбірек жабдықталған алаңдар қажет. Содан соң бірге жұмыс істейтін компаниялар 1-3 жыл ішінде-ақ дамиды.

«Бұдан бөлек ауыл шаруашылығын атап өтуге болады. Ауыл шаруашылығы дегенде, әрине, экологиялық таза өндірісте жұмыс істейтін, табиғи өніммен жұмыс істейтін компанияларды тарту керек. Үшіншісі – көлік-логистикалық сектор. Егер америкалықтарды қызықтыратын болса, Қазақстанда көлік-логистикалық орталықтардың құрылысына инвестиция салуға болады. Біз қазірдің өзінде қызығушылық танытып отырмыз. Осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз», - деді маман.

Инвестиция: қандай құжаттарға қол қойылды?

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ірі америкалық корпорациялармен инвестициялық дөңгелек үстел аясында екіжақты құжаттарға қол қою рәсімі өтті.

Атап айтсақ, «Самұрық-Қазына» АҚ мен «General Electric» компаниясы электр энергиясын генерациялау нысандарын дамыту үшін тәжірибе алмасу мәселелері бойынша ынтымақтастық және әріптестік туралы келісімге қол қойды.

«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ мен «General Electric» арасында Қазақстан Республикасында инвестициялық жобаларды әзірлеу және іске асыру, оның ішінде медициналық техника өндірісін оқшаулау бойынша өзара түсіністік туралы меморандум жасалды.

Сондай-ақ «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ мен Pfizer компаниясы арасында пневмококкты вакцина өндірісін оқшаулау бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

«QazaqGaz» ҰК» АҚ мен америкалық тарап арасында үш құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда, «Honeywell» корпорациясымен жабдықтарды жинауды локализациялау (соның ішінде сынауыштарды), технологиялық процестерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі, күкіртті газды кептіру және қайта өңдеу, цифрландыру, сондай-ақ қызметкерлерді оқыту мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Еске салайық, қазір Мемлекет басшысы сапармен Нью-Йоркта жүр. Ол БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясының Жалпы дебатына қатысады.


Соңғы жаңалықтар