Қазақстан мен АҚШ әскери медицинада IT-технологияны қолдану мәселесін талқылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы Қорғаныс министрлігінің әскери медицина орталығында Қазақстан мен АҚШ қорғаныс ведомстволары өкілдерінің кездесуі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тараптар медициналық қызмет мамандарын оқытуда цифрлық технологияларды қолдану мәселелерін талқылады.

Шараға екі елдің қорғаныс ведомстволарының мамандары, соның ішінде Әскери медицина орталығының, Радиоэлектроника және байланыс Әскери-инженерлік институтының, Ақпараттандыру департаментінің өкілдері қатысты.

Америкалық мамандар Әскери медицина орталығындағы сыныптардың IT-жабдықтарымен танысты. Тәжірибе сабақтарында қазақстандық дәрігерлер ұрыс алаңында алғашқы медициналық көмек көрсету, жаяу әскердің жауынгерлік көлігінен жараланғандарды шығару, оларды көшіру машықтарын көрсетті.

«Бұдан бөлек, АҚШ Ұлттық гвардиясының кибертранспорт технигі Эрик Джонс электронды медициналық оқыту тақырыбында онлайн түрде баяндама жасады. Ол қолжетімді білім беру платформалары мен бағдарламаларын пайдалану арқылы қашықтан оқытуды ұйымдастыру мәселелеріне жан-жақты тоқталды.

Ақпарат алмасу барысында орталықты цифрлық жабдықтау, ақпараттық технологиялар аясындағы жобаларды әзірлеу мәселелері де қозғалды.

Айта кетсек, АҚШ-тың ҚР-дағы Елшілігінің қауіпсіздік саласындағы әскери ынтымақтастық кеңсесі екі елдің қорғаныс ведомстволары арасындағы ақпарат алмасуды Әскери ынтымақтастық жоспары негізінде ұйымдастырды», - деді ҚР Қорғаныс министрлігінен.


Соңғы жаңалықтар