Қазақстан мен АҚШ арасындағы шарттың Тәжаяқов пен Қадырбаевты елге қайтаруға күші жетпейді - И. Меркель

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен АҚШ арасындағы құқықтық көмек туралы шарттың Тәжаяқов пен Қадырбаевты елге қайтаруға күші жетпейді.

Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель мәлім етті. Отырыста «Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» Заңы қабылданған болатын.

Еске сала кетсек, 2013 жылғы 15 сәуірде халықаралық марафон кезінде Бостонда екі жарылыс болып, оған күдіктелген Тамерлан Царнаев полицейлермен атыста оққа ұшса, Джохар Царнаев кейінірек ұсталды. Осы іске қатысы бар қазақстандық екі студент де айыпталған болатын. 5 маусымда америкалық сот Азамат Тәжаяқовты тергеуге кедергі келтіргені және сол мақсатта сөз байласқаны үшін айыпты деп танып, 42 айға (3,5 жыл) бас бостандығынан айыру жазасын кескен енді.

Сенат отырысында депутаттар тарапынан осы мәселе көтерілді. Осы ретте жуырда Америкалық сот соттаған екі студент - А.Тәжаяқов пен Д.Қадырбаевтың жағдайы не болады деген сауалға жауап бере келе И.Меркель, қаралып отырған шарттың оған күші жетпейтінін мәлімдеді.

«Бұл келісімнің екі студентті елімізге қайтару, жазаларын Қазақстанда өтеу туралы шешім шығаруға күші жетпейді. Бұл жерде оларға сотқа дейінгі өндіріс барысында құқықтық көмек көрсетуге ғана рұқсат берді. Егер осы сессияда бүгін таныстырған келісімді бекітсек, онда студенттерімізді қайтарып алуға мүмкіндік беретін жоғарыда айтқан конвенцияға қосылудың құқықтық алғышарты қалыптасар еді. Оларды Қазақстанға қайтару үшін ең алдымен екі студенттің өзі келісім берулері керек. Егер олар келісім бермесе, бұл процесс басталмайды. Сонымен қатар, АҚШ тарапының да рұқсаты керек», - деді И.Меркель.

Айта кетерлігі, Сенат қабылдаған шарттың ережелеріне сәйкес, Қазақстан мен АҚШ өзара тергеп-тексеруге, қылмыстық қудалауға және қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуға қатысты өзара көмектерге жүгіне алатын болады. Сонымен қатар, тараптар қылмыстық істерге қатысты талқылауға байланысты бір-біріне өзара көмек көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар