Қазақстан мен АҚШ арасында әуе қозғалысы туралы келісімге қол қойылмақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Үкіметі мен АҚШ Үкіметі арасында «ашық аспан» қағидаты бойынша әуе қозғалысын жандандыру туралы келісімге қол қою бойынша жұмыстар аяқталып қалды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап, ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

2018 жылдың 21 қыркүйегінде Вашингтонда Қазақстан мен АҚШ авиациялық билігі арасында екіжақты келіссөз өткен.

«Қазіргі уақытта американдық тараппен қол қоюға жоспарланған әуе қозғалысы туралы үкіметаралық келісімнің мәтінін келісу рәсімі аяқталып қалды. Осы келісімге қол қою - Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейстерін ашуға құқықтық негіз болады», - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбекке Америка Құрама Штаттары мен Жапонияға тікелей әуе рейсін ашу мәселесі биыл шешілуі керектігін тапсырған болатын.

Ал арада көп өтпей Азаматтық авиация комитеті Қазақстаннан Жапонияға тікелей рейсті биыл ашу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлаған болатын.

Соңғы жаңалықтар