Қазақстан меморгандардың шетелдерге жіберетін кеңесшілер санын ұлғайтпақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мемлекеттік органдардың шетелдерге жіберілетін кеңесшілер санын ұлғайтпақ. Бұл туралы бүгін Үкіметтің отырысында ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Министрлік Қазақстанның шетелдердегі құрметті консулдар институтын белсенді пайдаланады. Бұл - әдеттегідей өз елдеріндегі беделді бизнесмендер. Институт өзін шетелдерде еліміздің экономикалық мүдделерін ілгерілету және Қазақстанның шет мемлекеттермен сауда-экономикалық қатынастарын бекіту үшін тиімді құрал ретінде танытты», - деді Қайрат Әбдірахманов.

Осы ретте ол Қазақстанның шетелдердегі мекемелерінің экономикалық бағыттағы қызметін күшейту бойынша жұмысы жалғасып жатқанын айтты.

«Еліміздің жаңа сыртқы саяси-экономикалық басымдықтарын және ел басшылары қойған міндеттерді ескере отырып, Сыртқы істер министрлігі қазіргі бар санның аясында Үкіметтің экономикалық блогының мемлекеттік органдарынан Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық өкілдіктеріне іссапарға жіберілген өкілдерін қайта бөлу қажеттілігінің уақыты келді деп есептейді. Тиісті ұсыныс Үкіметке енгізілді. Ішкі нұсқауларға сәйкес, Инвестициялар және даму министрлігінің 10 басым елдегі инвестициялар жөніндегі кеңесшілеріне қосымша Ұлттық экономика министрлігінің сауда саясаты жөніндегі кеңесшілерін жіберу үшін географиясын кеңейту мәселелері пысықталуда. Ауыл шаруашылығы кешені мәселелері жөніндегі кеңесшілер институты жүйесін кеңейту мәселесін де қарастырып жатырмыз», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар