Валюта бағамдары:
    usd/kzt 478.01 eur/kzt 488.81

    rub/kzt 7.91 cny/kzt 70.76
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Қазақстан мектептерінің 67 пайызы қазақ тілінде білім береді – Асхат Аймағамбетов

2022 жылғы 28 сәуір 17:01

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде балабақшадағы бүлдіршіндердің 76 пайызы мемлекеттік тілде тәлім-тәрбие алып жатыр. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тілді дамыту мәселесі біздің министрлікке берілгеніне 1 жыл болып қалды. Оның бізге көшірілгені заңды деп ойлаймын. Осы уақыт ішінде аталған салада ауқымды проблеманың барына көзіміз жетті. Иә, мәселе бар, бірақ атқарылып жатқан жұмыс та аз емес. Мемлекеттік тілді дамыту жолында бірнеше бағытта жұмыс істелініп жатыр. Атап айтқанда, алдымен қазақ тілінде білім беретін мектептердің санын арттыруға күш салып жатырмыз. Бүгінде еліміздегі балабақшалардың 76 пайызы қазақ тілінде тәлім береді, мектептердің 67 пайызы, ал колледждер мен университеттердің 64-66 пайызы мемлекеттік тілде білім беріп жатыр», - деді Асхат Аймағамбетов «Мемлекеттік тілді ғылым тіліне айналдыру» атты дөңгелек үстелде сөйлеген сөзінде.

Министрдің айтуынша, елімізде ата-ананы баласын қазақ тіліндегі балабақша немесе мектепке беруге міндеттеу жоқ.

«Соңғы жылдары мектепте қазақ сыныбында оқитын оқушылардың саны аса өсіп жатқан жоқ. Сондықтан осы бағыттағы жұмысқа назар салған жөн. Біз балаларды мемлекеттік тілдегі білім ұясына ынталандыру, насихаттау арқылы тартуымыз керек. Мәжбүрлеуге болмайды. Яғни, қазақ тілінде оқудың қаншалықты пайдалы екеніне, оның нәтижесіне көз жеткізу арқылы дәріптеуіміз керек», - дейді ол.

Айта кетейік, бүгін елордада «Мемлекеттік тілді ғылым тіліне айналдыру» мәселесіне арналған дөңгелек үстел өтті.

Аталған шараға тіл жанашырларымен қатар сала мамандары қатысты.


Автор:

Дәулет Ізтілеу

Новости по теме
Ұқсас жаңалықтар