Қазақстан мектептеріне жаңа пән енгізіледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» атты жаңа пәннің таныстырылымы өтті. Жаңа пәнді 10-11 сынып оқушылары оқитын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ересек сынып оқушыларын кәсіпкерлік қырларына баулитын аталмыш пән 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстан мектептерінің барлығында 10-сыныптан бастап енгізілмек.

«2017-2018 жылдарда Қазақстанның 17 өңірінде «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәнін оқытатын ілкі мектептердің тізімі жасалған болатын. Алматыда Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназия жаңа пәнді сынақтан өткізді. Қанатқақты пән оқушылардың кәсіпкерлік әліппесін меңгеруіне септігін тигізді. Оқушылар бірнеше бизнес-жобаны сәтті қорғап, жүлделі орындар да алып үлгерді», - дейді білім ошағының директоры Эльмира Бидайбаева.

Жаңа пәнді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынып отыр.

«2019 жылы кез келген 10-сынып оқушысы осы пәнді таңдай алады. Яғни, «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» ерікті пәндер қатарына жатқызылып отыр. Оқу бағдарламасында ол аптасына 2 рет, жалпы саны 68 сағат беріледі. Пәннің өзі теориялық және практикалық сабақтардан тұрады. Жаңа пән оқушылардың бизнеске икемін арттырып, экономикалық терминдерді біліп өсуіне, бизнес саласындағы құқықтық негіздерді еркін меңгеруіне бағытталады», - дейді Алматы қаласы бойынша кәсіпкерлер палатасының адам капиталын дамыту бөлімінің сарапшысы Әлия Нұрышева.

Соңғы жаңалықтар