Қазақстан мектептерінде патриотизм туралы жаңа сабақ өтеді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстанда мектеп оқушылары «Патриотизм және жаһандық құзыреттер» атты курстан өтпек. Бұл туралы Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының президенті Мәдина Тыныбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Патриотизм және жаһандық құзыреттер» атты курс 5-11 сынып оқушыларына арналған. Оның мақсаты – баланың талдау қабілеті мен шеберлігін дамыту. Бүгінде жаңа жоба өңірлік әдістемелік орталықтарға танысу мақсатында жіберілді. Сол сияқты жаңа курсқа қатысты түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр», - деді Мәдина Тыныбаева ҚР Білім және ғылым министрлігінде өткен аппарат жиналысында.

Оқушыларға арналған жаңа сабақ 2022-2023 оқу жылында қолданысқа енгізілмек.

«Патриотизм және жаһандық құзыреттер» курсы 5-11 сыныптарда келесі салаларды қамтиды: қаржы сауаты және кәсіпкерлік негіздері, азаматтық, парасат пен әдеп, экология мәдениеті, сыни тұрғыдан ойлау, зайырлылық және дінтану негіздері, медиасауат.

Бұған дейін министр Асхат Аймағамбетов аталған жиында мектептердегі ата-аналар жиналысын өткізу форматын сынға алған еді.


Соңғы жаңалықтар