Қазақстан мектептері қанша пәнді ағылшын тілінде оқытатынын өздері таңдайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Қазақстан мектептері қанша пәнді ағылшын тілінде оқытатынын өздері таңдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында депутат Жамилә Нұрмамбетова төрт пәнді ағылшын тілінде оқыту үшін шамамен 32 мың мұғалімнің қажеттігін айтты. Ал бүгінде арнайы дайындықтан 11,5 мың мұғалім ғана өткен.

«Үкімет есебіндегі  деректерге сәйкес, ағылшын тілінде оқытқаны үшін тек 725 мұғалім ғана тиісті үстемеақы алады.Демек, 725 мұғалім ғана толыққанды ағылшын тілінде жүргізе алады, бұл жалпы қажеттіліктің 2% құрайды. Арнайы оқытылған мұғалімдердің 1370-і терминдерді ғана үйрете алады, қалғандары мүлдем сабақ бермейді. Мұндай қарқынмен бір жыл емес, екі немесе үш жыл қажет болады. Сонымен бірге, Президент Жолдауында 2019 жылдан бастап, 10-11 сыныптарда кейбір пәндер ағылшын тілінде беріледі деп жазылған. Осыған байланысты, Мемлекет басшысы қойған тапсырманы қалай жүзеге асыратыныңызды білгім келеді», - деп сұрақ қойды Жамилә Нұрмамбетова Білім және ғылым министріне.

Өз кезегінде Ерлан Сағадиев министрлік бұл мәселеде өз ұстанымын өзгерткенін мәлім етті. Мәселен, мектептер ағылшын тілінде қанша пәнді оқытқысы келетінін өздері таңдайтын болады.

«Қазір министрліктің стратегиясы өзгерді, мектепте сынып пен олардың ата-аналарының тілектеріне байланысты 1-ден 4-ке дейінгі пәндерді ағылшын тілінде оқытуға таңдау құқығы беріледі. Бұл оқытушылармен ғана емес, халықтың да таңдау құқығын сұрауымен тікелей байланысты», - деді министр.

Оның айтуынша, биыл алғашқы 12 мыңға жуық мұғалім ағылшын тілінде сабақ беру курсынан өткен. Ерлан Сағадиев екі мың мұғалімнің сабақ беруге кірісіп кеткенін, бірақ үстемеақының бәріне төленбегенін атап өтті. Бұл мәселенің мән-жайы анықталып жатыр.

«Қыркүйек айынан бастап, тағы 2 мың мұғалім ағылшын тілінде сабақ беруге ниет білдірді. 8300 мұғалім В2 деңгейіне жету үшін оқуды жалғастырады. Бұл деңгейге жетпейінше, мұғалімді сабақ беруге жібере алмаймыз. Қосымша, педагогикалық факультеттердің 6 мың түлегі бакалавриат және және магистратура деңгейінде ағылшын тілінде сабақ беруді үйреніп жүр. Сондықтан, екі жылда бұл тапсырманы орындаймыз деп айта алмаймын. 3-4 жылдан кейін барлық мектептер ең кемі - бір пәнді немесе 4 пәнді ағылшын тілінде оқытуға көше алады», - деп түйіндеді сөзін министр.

Соңғы жаңалықтар