Қазақстан мектептерге компьютер сатып алуға Дүниежүзілік банк қарызынан неге бас тартты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова Дүниежүзілік банктің мектептерге компьютер сатып алуға беретін қарызынан неліктен бас тартылғандығын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік желілерде көтеріліп жатқан тағы бір мәселе бұл – Дүниежүзілік банк займы. Осыған байланысты да бірден түсінік беріп кеткім келеді. Бұл қарызды алу бойынша мәселе 2014 жылы басталған болатын. Сол жылы бұл шешім бекітіліп, 2018 жылы барлық депутаттар іске асырылу керектігін қолдады. 2018 жылы тиісті бюджеттік ұсынымдар бойынша бюджеттік жоспарлау және халықаралық қарыз болғандықтан ресми жұмыстарын жүргізу істері атқарылды. Қарыздың басқа да жобалардағыдай бекітілген жоспары бар. Осы жоспарға сай тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде депутаттар «осы қарыз көлемінде жоспарланған компьютерлік техникалар неге сатып алынбады?» деген мәселе көтеруде. Жалпы, бұл компьютерлерді сатып алу мәселесі 2021 жылға жоспарланған болатын. Тиісті қаражат та 2021 жылға қарастырылған», - деді вице-министр бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Шолпан Каринованың айтуынша, аталған қарыз аясында контенттік жұмыстарды жоспарлап аяқтау, оның ішінде білім сапасын жақсарту, оқулықтарға, инклюзивті білім беру, жалпы педагогикалық білімді жаңарту мәселелеріне байланысты жобаларды іске асыру көзделген. Осы жұмыстарды аяқтағаннан кейін ғана компьютерлік техникалар сатып алу жоспарланған.

«Ал биылғы індет ешкімге айтып келген жоқ. Сондықтан компьютерлік техникаларды тез сатып алу жұмыстарын Білім министрлігі қолға алып көрді. Наурыз айында Дүниежүзілік банкке хабарласып, техникаларды тезірек сатып алу мәселесін қозғаған едік. Бірақ, бұл Үкімет тарапынан қосымша қаражат қажет ететін болды. Одан кейін 2021 жылға жоспарланған қаражатты республикалық бюджетті нақтылау кезінде 2020 жылға жылжыту мәселесі туындады. Жалпы, халықаралық рәсімдер бойынша бұл 9-дан 12 айға дейін уақытты алатын процесс. Сондықтан егер біз аталған қарыз көлемінде компьютерлер сатып алу жұмысына осы жылдың наурыз айында кіріскеннің өзінде де конкурстық жұмыстар келесі жылдың наурызында ғана аяқталуы тиіс. Содан кейін жеткізу жұмыстары басталар еді. Осы жағдай ескеріліп, компьютерлік техниканы сатып алу мәселесіне байланысты қарызды тоқтату шешімі қабылданды», - деді ол.

Оның атап өтуінше, мектептерді компьютерлік техникамен жабдықтауға республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржы қарастырылған.

Айта кетейк, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Ақ жол» фракциясының депутаты Дания Еспаева Дүниежүзілік банк займына қатысты Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады.

Д.Еспаеваның айтуынша, ол биылғы шілде айының соңында халықаралық займға қатысты Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің атына сауал жолдаған. Алайда әлі күнге дейін ведомстводан жауап келмеген.


Соңғы жаңалықтар