Қазақстан мәліметтерді мұрағаттауда алдыңғы қатарлы жапон тәжірибесіне ие болады - Елбасы

None
None
ТОКИО. ҚазАқпарат - Қазақстан мәліметтерді мұрағаттауда алдыңғы қатарлы жапон тәжірибесіне ие болады. Бұл туралы бүгін қазақстандық «Архив-2025» бағдарламасын қолдау жөніндегі Жапония үкіметінің жобасымен танысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін мәдениетімізді, ежелгі тарихымызды зерделей бастадық. Айта кетерлігі, осыдан екі жыл бұрын халқымның мәдени-тарихи кодына жүгінген кезімде рухани құндылықтарды жаңғыртуға бағдарланған «Рухани жаңғыру» бағдарламасына бастамашылық жасадым», - деді ҚР Тұңғыш Президенті.

Елбасының сөзінше, аталмыш бағдарламада Қазақстан дамуының бағыттары нақты көрсетілген. Ал, «Архив-2025» жобасы ежелден бастап осы уақытқа дейінгі барлық отандық және шетелдік мұрағаттарды іргелі зерттеуді қамтиды.

«Тәуелсіздіктің бір жылын Қазақстанның тарих жылы, келесісін мәдениет жылы деп жарияладым. Біз әлемнің барлық мұрағаттарынан өзіміздің тамырымызды, тарихымызды іздей бастадық және оларды түрлі мемлекеттердің, оның ішінде сіздердің елдеріңіздің мұрағатынан таптық», - деді Нұрсұлтан. Назарбаев.

ҚР Тұңғыш Президенті осы орайда «Архив-2025» бағдарламасына қолдау көрсетіп отырған Жапония Үкіметіне, Жапонияның Мәдениет істері жөніндегі агенттігінің төрағасы Рехэй Миатаға шынайы ризашылығын білдірді.

«Соның арқасында электронды білім кеңістігін құрып, мәліметтерді мұрағаттау саласында алдыңғы қатарлы жапон тәжірибесіне ие боламыз», - деді Елбасы.

Соңғы жаңалықтар